Қазақстан Журналистер, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Бейбітбек Бүркітбайұлының «Жанжырлы нар» атты жаңа кітабы жарыққа шықты. Бұған дейін автордың «Алаңжар», «Зәнжілді зар» деп аталатын екі кітабы оқырманға жол тартқан болатын.
Жаңа кітап соның жалғасындай, қалам иесінің ұлтымыздың рухани тұлғалары туралы ой орамдары, сезім сырлары, Тәуелсіздік жолындағы толғаныс, тағдырлы таным, замандастар бейнесі жыр жолдарына арқау болған. Айталық автор «Қазақстан» деп аталатын өлеңінде:
– Құлпырады гүлденіп далам бүгін,
Зүриятым зерттеп жүр ғалам сырын.
Картасында әлемнің Қазақстан,
Күні-түні тілеймін амандығын, – деп туған елге деген жүрекжарды тілегін жеткізеді. Сондай-ақ саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған қаламгер:
– Жаңа шыққан әрбір газет шуақты,
Сөзі терең, қазыналы, қуатты.
Тектілердің көзін құртқан дәуірдің,
Тасқа басқан шежіресі сияқты, – деп дәстүрлі баспасөздің бағасын өз ойымен өрнектейді. Жалпы қаламгердің көңіл толғаныстары әртүрлі тақырыпты қаузап, ақ пен қара алмасқан өмірдің күйініші мен сүйінішін жырға қосады.
Кітаптың жалпы мазмұны «Шілдедегі құс жолындай іздері», «Тағдыр. Таным. Толғаныс.», «Тағылым-ғұмыр», «Бір ұядан түлеп ұштық» деп келетін төрт бөлім арқылы тарқатылады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<