Бүгінгі қоғамда «Уолл-стрит қасқыры» атымен танымал америкалық бизнес-жаттықтырушы Джордан Белфорт Алматыда өткен «Synergy Global Forum» кәсіпкерлер форумына құрметті қонақ болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Леонардо Ди Каприо түскен Мартин Скорсезенің «Уолл-стрит қасқыры» фильмінен кейін танымал болған Джордан Белфорт Алматыда өткен форумда екі сағат сөз сөйлеп, алматылықтармен жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті. Ол өнімге деген сенім мен сендіру күші жетістіктің кілті дейді. Осы ережемен алға ұмтылған ол өткен ғасырдың 90-жылдарында мультимиллионерге айналған.
«Біріншіден, клиентпен сөйлесу кезінде оған ұнайтын ұсыныс жасауға небәрі 4 секундыңыз бар. Біз адамды бір көргеннен танимыз және оған не ұсыну керек екенін түсінеміз. Сондықтан оның назарын бірден аудару өте маңызды. Екіншіден, өз жұмысыңызды құлшыныспен орындаңыз. Сонда клиент сізге сенім артады. Үшіншіден, өз салаңыздың маманы болыңыз. Сіз өзіңізге деген сеніміңізді көрсете біліңіз. Сізге сенім артқан адамның бар мәселесін шешіп беретін деңгейдегі адам ретінде көрінуіңіз керек. Бүгіннің сатушылары өзі сенім артқан өнімдерді ғана сатуы тиіс», – дейді Джордан Белфорт.
Джордан Белфорттың бай болуға деген талабы Нью-Йорктың Квинс округіндегі Бейсайд қалашығында өмір сүрген кезінде пайда болған. Ол мектепті бітірген кезде досымен бірге жағажайда балмұздақ сатып, алғашқы 20 мың АҚШ долларын табады. 23 жасында ет сатумен айналысып, өзінің жеке компаниясын ашады. Одан кейін банкротқа ұшырайды. Бірақ Белфорт құлшынысын жоғалтпай, брокер болуға бел буады. Осы сәтте ол өзінің нағыз сатушы екенін түсінеді. Фильмнің сюжетіне назар аударсақ, ол есірткіге беріліп, кейінгі ғұмырын ойын-сауықпен өткізбек болған. Бірақ миллионерлерге арзан акцияларды сату оның ең басты қателігі болды. Оның бизнесі жүрмей, ешкім оған сенім артпай қойып, ақыры түрмеге түседі. Ал бостандыққа шыққаннан кейін өзіне деген сенімін нықтап, сұранысқа ие бизнес-жаттықтырушыға айналады.
«Фильм жоғары деңгейде түсірілген. Бірақ табысқа жетудің өзге де жолдары бар екенін ұғыну керек. Түрмеге түскен азаматтардың басым бөлігі кейінгі өмірін қайта қалпына келтіре алмайды. Бұл әрине маған қатысты айтылған жоқ. Мен туралы фильм түсірілді. Екі кітап жазып, өз тәжірибеммен бөлісу арқылы қаражат тауып жүрмін. Егер арзан емес, шынайы құндылығы бар акцияларды сатумен айналысқанымда, одан да көп табысқа жеткен болар едім. Арзан акцияларды сатып, тезірек табысқа жеткім келді. Жеттім де. Бірақ бұл менің қателігім және өмірден алған сабағым болды. Ал қазір бизнес-жаттықтырушы ретінде адамдарға бизнесті дұрыс жолмен құрудың жолдарын үйретіп келемін», – дейді Белфорт.
ХХІ ғасырда адамдар өздері ұнайтын істі іздеуге бейімделді. Мысалы, қарапайым кеңсе қызметкері стилистке айналса, ешкім де таңданбайды. Белфорт өз ісіңді сүюден бөлек табысқа жетуді де білу қажет екенін айтады.
«Егер сіз өзіңізге ұнайтын іспен айналысқыңыз келіп, бірақ ол табыс алып келмейтін болса, қосымша табыс көзін іздеңіз. Немесе іштей сенімсіздік пайда болмауы үшін өз стандарттарыңызды төмендетіңіз», – дейді ол.
«Уолл-Стрит қасқыры» фильмінің арқасында адамдар Джордан Белфортты «ғасырдың ең ұлы қаржы алаяғы» атымен көпке дейін танитын болады. Ол балалары үшін түрмеден шығып, бәрін қайта бастауға өз бойынан күш таба алды. Тағдырдың тәлкегіне қарамай, қайтадан табысты кәсіпкерге айналып, қызы мен ұлына қамқор бола білді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<