Қызылордадағы «Жиенай» баспаханасынан саясаткер, өлкетанушы, журналист, аудармашы Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты. Деректер мен дәйектер» атты кітабы жарық көрді. Бұл – қаламгердің адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ашаршылық нәубеті туралы үшінші кітабы. 2015 жылы Алматыдағы «Курсив», 2019 жылы Қызылордадағы «ASU» баспаларынан шыққан қос еңбектің қорытындысы деуге болады.
Автор ұжымдастыру саясатының, ашаршылықтың зардабы туралы 20 жылдан бері зерттеп келеді. Үшінші жинағында ол ғылыми басылымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарды, сұхбаттар мен ашаршылық куәгерлерінің естеліктерін топтастырған.
Сондай сұхбаттардың бірінде тарихшы Алмас Жүнісбаев ғылыми айналымдағы деректерден мынадай мысал келтіріпті: «1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде 1921 жылдың 1 қарашасына қарай Қазақ республикасында аштыққа ұшыраған адамдардың саны 1,5 миллионнан асқаны туралы мәлімет бар. Ал Қазақ АКСР орталық атқару комиетінің төрағасы С.Меңдешевтің мәлімдеуінше, 1922 жылы жазда ашыққандардың саны 2,8 миллионнан асып кеткен. Кейбір деректерге қарағанда, республикада аштықтан және оның салдары ретінде туындаған індет ауруларынан 500 мыңға жуық адам қайтыс болған».
Ұлтымыздың басына төнген трагедия туралы заманауи
зерттеулер, жаңа деректер мен мұрағаттық құжаттар кітаптың құндылығын арттыра түседі. Автор ашаршылық тақырыбы бұрынғысынша тарих ақтаңдағы болып отырғанын айтып, жастардың нәубет туралы білмейтініне қынжылыс білдірген. «Бұл мәселе тарихшы мамандардың, қоғам зерттеушілерінің ғана емес, ұлтымыздың, қазақтың, қазақ ұлтының өзекті мәселесі болып қала бермек» деп ой қорытқан.
Көпшілік қауымға, отаршылдық тақырыбын зерттеушілерге, өлкетанушыларға арналған еңбектің жарыққа шығуына Сансызбай Сералиев, Қазыбек Омаров, Асхат Шаукенбаев, Мейрамбек Қонақбаев секілді азаматтар демеушілік жасағанын айтқанымыз абзал.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<