Тарих қатпарындағы қасіретті кезең

658

0

Облыстық қоғамдық даму басқармасының және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» «ХХ ғасырдың басындағы саяси қуғын-сүргін: зерттелуі және өзекті мәселелері тақырыбында республикалық  ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияны қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Қамбаров жүргізді.

– ХХ ғасырдың 1920-1950 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы халқымыздың тарихындағы қасіретті кезеңде орын алған саяси оқиғалар тек қазақ халқын ғана емес, миллиондаған кеңес азаматтарын құрбан етті. Бұл қасірет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясат салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен.

1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақ халқының саны 2 млн 300 мың адамға жеткен, – деді ол. Жиын модераторы тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып, халықтың тартқан қасіретін тереңдете зерттеуде арнайы құрылған мемлекеттік комиссия жан-жақты жұмыс атқарып отырғанан атап өтті.

Конференцияға онлайн байланыс арқылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Л.Бердіғожин, Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінің бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Нұрмаханова баяндама жасап, сол өңірлердің архив құжаттарынан табылған Қызылорда облысы азаматтарына қатысты деректерді бөлісті. Дәлірек айтсақ, үй-жайы, мал-мүлкі тәркіленіп, оған қоса ауыр салық төлемдерін арқалап, қуғынға ұшырап, Маңғыстау жеріне көшірілген  отбасылардың аты-жөні, құрамы жайлы сақталған деректер бар.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Тұяқбаев «Сыр өңіріндегі саяси қуғын-сүргіннің көркем әдебиеттегі көрінісі» тақырыбындағы баяндамасында Қарақұм көтерілісі жайлы архив деректерін ақтара келіп, көтерілістің жалпы мазмұнын жырға қосқан Сырдың тумасы Тәуекел ақын жайында ойын бөлісті. «Қарақұм көтерілісі» атты деректі шығарманы дүниеге әкелген жерлесіміз, тарихшы, жазушы А.Тілеулиевтің еңбегінде көптеген құнды мәліметтер айтылғанын, оның ішінде көтеріліске қатысушылар  және оларды жазалаушылар жайлы нақты деректер қолданылғанын атап өтті. Сонымен қатар, ұлт зиялысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай таяуда ғана жарыққа шыққан жазушы Б.Қойшыбайдың «Комиссар Жүргенов» романында саяси қуғынға ұшыраған Т.Жүргеновтің тартысты тағдыры баяндалғанын айта келіп, бүгінгі ұрпақ тарихымыздың осындай ащы шындығынан сабақ алуы қажеттігін алға тартты.

Қорқыт ата атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Талғат Жолдасұлы  саяси қуғын-сүргін құрбаны болған дінбасылар жайлы деректерді назарға ұсынды.

Қызылорда облысының мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Ж.Алтынбаеваның баяндамасында республикамызға 1937-1938 жылдары бірнеше ұлттың өкілдері жер аударылып, күштеп көшіріле бастағаны, оның алғашқы құрбандардың бірі Қиыр Шығысты мекендеген корей халқы болғаны айтылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға түрлі халықтарды депортациялаудың жаңа кезеңі басталды. Балтық жағалауынан, Грузия, Әзербайжан, Армениядан 800 мыңға жуық кеңестік немістер Қазақстанға жіберілді. Облысымыздың Арал ауданына Молдовадан 40 отбасы, басқа аудандарға   Балтық   жағалауынан   2486,   оның   ішінде    1413 неміс отбасы көшіп келген.  1942 жылы 16 наурызда Қызылорда облыстық атқару комитетінің арнайы жер аударылған неміс ұлтын аудандар бойынша орналастыру, азық-түлік, тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешімі қабылданды. 1944 жылы Қызылорда облысына Солтүстік Кавказдан шешендер, ингуштар, Грузия территориясынан түріктер, Молдова АКСР-нан ондаған ұлттың өкілдері жер аударылды. Барлығы 6665 отбасы, 22383 адам. Осылардың ішінде көбісі Солтүстік Кавказдан келгендер еді. Олар 4416 отбасы, 15856 адам облысымыздың  аудандарына  бөлінді, – дейді Ж.Алтынбаева.

Конференция жиынында көтерілген тақырыптар бойынша Қорқыт ата атындағы университет профессоры Д.Сәтбай, жазушы Б.Ұзақбаев ой-пікірлерін білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»