Тарих. Тағдыр. Тұлға

800

0

«Темір Нарком» атанған Темірбек Жүргенов –  Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Биыл Алаштың асыл азаматының туғанына 125 жыл толып отыр.

Осыған орай  облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарих. Тағдыр. Тұлға» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар жиынға еңбек ардагерлері, ЖОО тарихшы ғалымдары мен оқытушылар, жергілікті өлкетанушылар,  БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры артистерінің орындауындағы «Нарком Жүргенов» драмасының үзіндісімен басталды.

– Темірбек Қараұлы – халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әрқилы заман мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген қайраткер. Қазақ елінің болашағы жолында тағдыр талайына қарсы тұрған күрескер. Ол қазақ өнерінің қанат жаюына еңбек етті. Белгілі өнер майталманы Құрманбек Жандарбеков: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз» деп баға берген екен. Оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері жоғары  бағасын алды. Себебі, оның өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі – бүгінгі ұрпақ үшін  Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Мира Жомартқызы.

Жалпы көрме 4 бөлімнен тұрады. Темірбек Жүргеновтің отбасылық өмірі, қызметі мен ұстазы Тұрмағанбет Ізтілеуұлының шығармалары, мұралары қойылған. Музей қорындағы 60-қа жуық фотосурет пен архив  құжаттары, кітаптар, ХХ ғасырдың 30 жылдарында зиялы қауым өкілдері  пайдаланған заттай экспонаттар бар.

– 2023 жыл түркі елдерінде «Жүргенов жылы» деп жарияланды. Жүргеновтің Орта Азия елдері, қазақ елінің болашағы жолында жасаған жанкешті еңбегін әр қазақ білуі міндетті. Бүгінгі көрменің маңызы зор. Биыл мерейтой аясында кең көлемде ғылыми конференциялар, ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы өткізілмек. Темірбек – Отанды  шексіз  сүюдің хас үлгісін көрсетіп кеткен тұлға. Қазақ руханиятының шырақшысындай мәңгілік биігін қалыптастырып кеткен азамат. Оның жарқын бейнесі тәуелсіз еліміздің көгінде мәңгілік жарқырап тұрады, – деді қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсатов.

Тұрар Бекмырзаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<