«Болашақ» университетінде «Емірен, жүрек, ел, байрақ» атты рухани-патриоттық кеш өтті. Салтанатты шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Тайманов және 1986 жылғы тарихи оқиғаның куәгері болған желтоқсаншылар қатысты.
Кеш желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ қыздарының ерлік рухына арналған ақын Исраил Сапарбаевтың сөзіне жазылған, композитор Рамазан Таймановтың «Қазақ қызы» атты әнінің желісінде өрбіген қойылыммен басталды. Мұнан соң желтоқсаншылар кезегімен сөз сөйлеп, егемендіктің оңай келмегенін, сол жолда халқымыз ауыр кезеңдерді басынан кешіргенін және ол қиындықтарды ешқашан ұмытуға болмайтынын тілге тиек етті.
– Еліміздің өткені мен бүгінгісінің жолайрығындай болған 1986 жыл Желтоқсан оқиғасымен есте қалды. Ол кезде Алматы қаласында ҚазҰУ-да филология факультетінің 5-курс студенті едім. 17 желтоқсан күні жастардың алаңға жиналып жатқанын естіп, біз де бардық. Республика алаңындағы жастар «Елім-ай», «Менің Қазақстаным» әнін орындады. «Әр ұлтқа – өз көсемі» деп плакаттарға жазылды. Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, орнына Колбинді қойды дегенді естіп, көптің бойын ашу-ыза кернеді. Оны көзбен көрдік. Енді біз бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастауы болған сол бір тарихи сәтті жадымыздан шығармауға тиіспіз, – деді оқиға куәгері Шолпан Баймаханова.
Осылайша, сахнаға шыққан желтоқсаншылар жас буынға тәрбиелік мәні бар ұлағатты әңгімелерін айтып, болашақ үшін жастардың тарихын ұмытпауы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, шарада желтоқсаншыларға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Алғыс хаты мен гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді.
– Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. КСРО елдері ішінде бірінші болып қазақ елі бас көтерді. Жастар Қазақстанда қазақ басшы болу керек деген оймен әділетсіздіктерге қарсы тұрды. Сіздер сол азаматтардың арасында болдыңыздар. Бұған ешкімнің күмәні жоқ. Бұл тәуелсіздік туын желбіретуге серпін берген оқиға еді. Сіздерге алғысымыз шексіз, – деді рухани кешті ұйымдастырған облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<