Осы жексенбіде еліміз үшін ең маңызды саяси науқан – Президент сайлауы өтеді. Бүгінде өңірлерде дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқаны белгілі. Біздің облыста да ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау учаскесі шекараларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары БАҚ беттерінде жарияланды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевтың айтуынша, аймақта 382 сайлау комиссиясы жұмыс істеуде, оның 9-ы аумақтық, 373-і учаскелік комиссия. Оларда 2710 комиссия мүшесі жұмыс атқарады.
– Электоралдық оқыту үшін облыстық бюджеттен 11 миллион теңге қаржы қаралып, 17 қазан-3 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірлесіп, 800 тыңдаушыға 41 семинар-тренинг өткізілді. Онда 54 аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері мен барлық учаске төрағалары және хатшылары қамтылды. Одан бөлек, 253 төраға орынбасарларына да семинар-тренингтер өткізіліп, сертификаттар табысталды. Қалған барлық комиссия мүшелерін аудандық, қалалық сайлау комиссиялары, учаске төрағалары мен хатшылары каскад әдісімен оқытты. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тапсырысы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» оқу-әдістемелік кешеніндегі кейстер мен ситуациялық және тест сұрақтары барлық учаскелерге шығарылып таратылды, – дейді комиссия төрағасы.
Облыс бойынша 482 мың 934 сайлаушы тізімге енгізілген. Оған 1 пайыз резервімен 487 мың 763 бюллетень дайындалды.
– Орталық сайлау комиссиясынан бюллетеньдер жеткізілді. Орналасқан бөлме мөрмен бекiтiлiп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылды. Аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларына кестеге сәйкес бюллетеньдерді iшкi iстер органдарының күзетімен жеткізетін болады, – деп атап айтты Ғалым Баймырзаев.
Азаматтарды дауыс берудің күні, уақыты, орны туралы ақпараттандыру бойынша бірқатар шаралар атқарылды. Атап айтқанда, азаматтарды ақпараттандырудың бірыңғай форматтағы материалдардың 150 мың дана шақыру қағаздары шығарылып, учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылардың тұрғылықты мекен жайы бойынша таратып, ақпараттандырды. Одан бөлек, А3 форматта 10 мың дана сайлау учаскесінің орналасқан жері мен байланыс телефондары көрсетілген 8 мың 828 ақпараттық плакаттар көпқабатты үйлердің кіреберістері мен саяжайларда орналастырылды. Қазіргі таңда учаскелерде азаматтардың сайлауға қатысуға құқығы бар адамдардың тізімінен өзі туралы деректермен танысуына толық мүмкіндігі бар. Қажет болған жағдайда комиссия тізімдегі қателіктерді түзету мәселелерін қарап, тиісті шешімдерді қабылдайды.
Облыс тұрғындарына сайлау учаскелерінде тізімде бар-жоғын анықтайтын «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тап!» жүйесі мен Call-орталықтары құрылды. SAYLAU.ORDA.GOV.kz ресми веб сервис, sailau_kzobot телеграм чат бот, SmartQyzylorda мобильді қосымшасы және 109 нөмірі жүйелері бойынша кез келген сайлаушы ЖСН арқылы дауыс беретін сайлау учаскесі жайлы толық ақпарат ала алады. Осы орайда сайлау комиссиясы төрағасы әзірге азаматтардан деректеріндегі қателіктер мен жаңсақтықтарды түзету бойынша өтініштер түспегенін айтты.
– Дауыс беру күні, уақыты, орны туралы және азаматтардың тұрғылықты тіркелген мекен-жайы жөнінде мәліметтерді нақтылау үшін тиісті ақпараттар барлық аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында орналастырылған. Жергілікті телеарналарда және 9 лэд экранда бейнероликтер көрсетілуде. Барлық учаскелік сайлау комиссиялары бекітілген кестеге сәйкес демалыссыз жұмыс жасауда. Облыс бойынша 6 учаскеде аумақтық комиссияның тиісті шешімімен дауыс берудің басталу уақыты сағат 6.00-ге белгіленді, – дейді төраға.
Облыс бойынша бүгінгі күнге барлық кандидаттардың сенім білдірген азаматтары тіркеліп, 1035 азамат куәліктерін, 389 адам есептен шығару талондарын алған.
Сайлаудағы маңызды нәрсенің бірі – байқаушылар қызметі. Ғалым Баймырзаевтың айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқығын бақылау бюросы Миссиясының мүшелері, ұзақмерзімді байқаушылары Томас Нидр мен Марек Матусяк 26 қазаннан бастап облыста зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы күндері қысқамерзімді байқаушылар келеді деп күтілуде.
Отандық байқаушылар дауыс беру күнi сайлау учаскесi ашылған сәттен бастап, дауыс беру нәтижелерi белгiленгенге дейiн сайлау учаскесiнде бiр мезгiлде әрбір саяси партиядан, қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйымдардан бір байқаушыдан жеке басын куәландыратын құжат және байқаушының тегі, аты, әкесінің аты, сайлау учаскесінің нөмірі көрсетілген, байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталған, қол қойылған жазбаша жолдама болған кезде тіркеледі. Сенім білдірілген адамның куәлігі және Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаты болған кезде әрбір кандидаттан бір сенім білдірілген адамнан және әрбір бұқаралық ақпарат құралынан қызметтік куәлігі және редакциялық тапсырмасы бар бір өкілден қатыса алады.
Жалпы, мұның алдындағы саяси науқандарда Сыр елі белсенділігімен өзге өңірлерге қарағанда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен, 2019 жылы өткен Президент сайлауында тұрғындардың қатысуы 81,6 пайызды құраса, 2021 жылы ҚР Мәжіліс пен мәслихат сайлауында 73,9 пайызды көрсеттті. Референдумда 79,9 пайызға жетті. Ғалым Баймырзаев көбіне ауыл азаматтарының белсенділігі арқасында қатысу көрсеткіші жоғары болатынын айтады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<