Тарихи туризмнің маңызы

4

0

Қызылорда – тарихи ескерткіштерге бай, сан алуан мәдени мұраларды сақтаған ерекше өңір. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ деп Президентіміз өңірімізде өткен Ұлттық құрылтайда атап көрсеткен. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды» деген еді.

Тарихи орындары мен ескерткіштері өткеннен сыр шертіп келген қонақтарды баурап алады.

Бүгінде облыста 483 тарих және мәдениет ескерт­кіші бар, оның 131-і археологиялық ескерт­кіштерге, 121-і монументтік өнер құрылыстарына, 23-і киелі объектіге, 2-уі ансамбль мен кешенге, 206-ы архи­тектуралық ес­керт­кішке жатады.

Жүргізілген талдау негізінде өңірімізге келетін шетел және Қазақстан туристерін қызықтыратын, зиярат ететін 38 нысан енгізілген. Ең танымал нысандардың бірі – Қорқыт ата кешені. Бұл жер – түркі әлемінің ұлы ойшылы Қорқыт атаға арналған қасиетті мекен. Кешеннің ерекше сәулеті мен қобыздың үні, символикасы келген әр адамға терең әсер қалдырады.

Түркі халықтарына ортақ рухани мұра болып сана­лады. Мұнда келген саяхатшылар Қорқыт атаның фи­лософиялық ойларымен танысып, қобыз үні арқылы берілетін ерекше атмосфераны сезінеді.

Ал тарихқа қызығушылар Сығанақ пен Жанкент қалашығы секілді көне қалалардың орнын аралайды. Бұл қалалар бір кездері Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда және ортағасырлық өркениеттің маңызды орталықтары болған.

Ерекше тарихи нысандардың бірегейі – Көтібар мұнарасы. Бұл мұнара – өңірдің сәулет өнеріндегі көне үлгілердің бірі. Оның құрылысы мен орналасуы сол кезеңдегі қорғаныс және бақылау қызметін атқарғанын аңғартады. Көтібар мұнарасы өткен заманның куәсі ретінде туристердің қызығушылығын тудырады.

Діни сәулет ескерткіштері қатарында Айтбай мешіті ерекше орын алады. Бұл мешіт – өңірдегі ислам мәдениетінің дамуын көрсететін маңызды нысан. Оның архитектурасы қарапайымдылығымен қатар, рухани тереңдікті бейнелейді. Мұнда келушілер тек ғимаратты тамашалап қана қоймай, рухани тыныштық таба алады.

Қызылорда қаласындағы Құтқарушы Христос шіркеуі өңірде түрлі мәдениеттер мен діндердің бейбіт, қатар өмір сүріп келе жатқанын дәлелдейді. Оның сәулеттік ерекшелігі мен ішкі көркем безендірілуі туристерді қызықтырады.

Тарихпен тереңірек танысқысы келетіндер үшін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңір­дің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы қам­тылған. Археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұ­йымдар мен тарихи құжаттар келушілерге аймақтың өткені туралы толық мағлұмат береді.

Аңызға толы орындардың бірі – Бегім ана мұнарасы. Бұл мұнара халық арасында кең таралған Бегім ана туралы аңыздармен байланысты. Мұнда келген туристер тек тарихи ескерткішті ғана емес, халық ауыз әдебиетінің бір бөлігіне айналған оқиғаларды да естіп, ерекше әсер алады.

Сондай-ақ өңірде орналасқан Кердері кесенелері де – туристік маңызы зор нысандардың бірі. Бұл кесенелер ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті үлгілері болып саналады. Олар сол дәуірдегі діни сенімдер мен құрылыс мәдениетін көрсетеді.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ға­сырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өрке­ниетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. «Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәді­герлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын» деген болатын Президент.

Қызылорда облысының туристік нысандары – тарих пен мәдениеттің үйлесімінен туған баға жетпес мұра. Көтібар мұнарасы, Айтбай мешіті, Құтқарушы Христос шіркеуі, облыстық музей, Бегім ана мұнарасы және Кердері кесенелерінен бөлек, облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті ғимараты, Сыр бойының батырлары ескерткіші, Араласар қалашығы, Сараман-Қоса мұнарасы, Кескен күйік, Шірік Рабат қалашықтары, Бәбіш мола ескерткіштер кешені, Баланды ІІ кесенесі, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Моншақты асар, Сортөбе, Іңкәр қала қалашықтары, Сеңгіртам ғұрыптық жерлеу кешені, Мыңарал, Марал ишан, Қалқай ишан кесенелері, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Қос асар қалашығы, Қорасан ата, Қарасопы, Айқожа кесенелері, Ақтас мешіті, Төлегетай-Қылышты ата кесенесі, Оқшы ата қорымы секілді орындар өңірдің бай тарихын жан-жақты танытады. Бұл нысандарды аралау әрбір турист үшін танымдық әрі әсерлі саяхат болмақ.

Қызылорда облысына саяхат – тек демалыс емес, ол рухани байлық пен тарихи танымды арттыратын ерекше тәжірибе.

Зухра СЫЗДЫҚОВА,

 облыстық тарихи-мәдени мұраны

қорғау орталығының инспекторы