Кешегі сенбіде үйреншікті дағдыммен Жанқожа батыр бабамызға арнап салынған кесенеге бардым. Аумағы мұнтаздай таза, жинақылығымен көз тартады. Жасыл желегі жайқалған тал-терекке арықтан су келіп тұр. Талдардың түбі мұқият әктеліп, орындықтар жарқырата сырланыпты. Кесененің ішіне кілем жайылып, биік күмбездің іші мінсіз ақталған. Қайда қарасаңыз да ұқыптылықтың үлгісін байқайсыз.
Өткен жылы Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған, кент әкімдігі, дербес бөлім қызметкерлері мен білім, мәдениет, спорт басқа да сала, мекеме ұжымдары, Жанқожа батыр ауылы азаматтарының қостауымен кесене және оның аумағында ауқымды жұмыстар атқарылған болатын. Әрі осындай сенбілік өткен жылы бірнеше мәрте жасалғанын атап кеткен жөн. Сондай-ақ, дәл осы жерде Арықбалық шайқасының 165 жылдығы, Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына орай жоғары деңгейде рухани-танымдық шара өткізілгенінен көпшілік жақсы хабардар.
Алдағы жылы әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толмақшы. Соған орай, тиісті орындар мен ел ағаларының назарына бірнеше ұсынысымды жеткізгім келеді:
1. 2024 жыл Қазалы ауданы көлемінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы жылы» деп белгіленіп, аудан көлемінде түрлі мәдени, спорттық шаралар, танымдық кештер, мектеп оқушылары арасында тәрбие сағаттары, тағы да басқа жиындар өткізіліп, баба рухына арнап ас берілсе;
2. Жанқожа бабамыздың мәңгілік мекені Қызылқұм ауылдық округінің аумағында орналасқан бейітіне жақын жердегі бұлақ жаңадан қазылса. Бұл әулие рухына жан-жақтан келіп, зиярат жасаушылар үшін үлкен қамқорлық болар еді. Сонау Кеңес үкіметі кезінде қазылған бұлақ қазір әбден ескірген, жарамсыз. Бұлақ қаздыруға қазынадан қаржы қаралса дұрыс болар еді. Айта кетерлігі, мұндай өтінішті Қазалы ауданы әкімдігіне бұған дейін де Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Сағадин жазбаша берген болатын.
3. «Арықбалық шайқасы» құрбандарына және Жанқожа батыр бабамыздың ерлік жолын насихаттау мақсатында кесене аумағына ескерткіш-барельеф орнату туралы ұсыныс бірнеше жылдан бері қозғалып жүр. Алайда, әлі де шешімін тапқан жоқ.
4. Сонымен қатар, Жанқожа бабамыздың бейіті жанындағы түнеухана 1992 жылы шопанның үйі ретінде салынған. Қазір ескірген, тек күтімнің күшімен тұр. Мүмкіндігіне қарай түнеухана жаңадан салынып немесе толық күрделі жөндеуден өткізілсе, баба рухына деген зор құрмет болар еді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»





