Тартымды инвестициялық ахуал жаңа жобаларға жол ашты

949

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, жауапты басқарма, департамент басшылары мен ЖШС директорлары қатысты.

Кеңесте облыста 2026 жылға дейін жүзеге асырылатын өңдеу өнеркәсібі саласындағы  «Метан – альтернативті жанармай түрі» жобасы мен Қызылорда қаласындағы «Keremet Arena» спорт кешенінің құрылысы таныстырылды.

– Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылғы 27 желтоқсанда «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданды. Осы орайда, өңірге жаңа инвестиция толқынын тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу, импортқа тәуелділіктен арылу үшін өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі 21 инвестициялық жоба пулы қалыптасты, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев биыл құрылыс саласы және агроөнеркәсіптік кешен бағытында жалпы 5 инвестициялық жоба іске асатынын жеткізді. Олар – құрғақ құрылыс қоспалар өндірісі, жалпы қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайтын 2 құс фабрикасы, балық өңдеу цехы және ет комбинаты. Бес жобаның құны шамамен 11 млрд теңгені құрап, іске қосылғанда 400-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Жиында қаралған екінші жоба туралы «Управление механизированной добычи» ЖШС директоры Бақыт Жаныбеков баяндады. Кәсіпкер автомобильге қолданатын пропан, бензин, дизель отынына балама тауар ретінде CNG – сығылған табиғи газды дайындау туралы ұсыныс көтерді. Айтуынша, табиғи газ тұтынушыларға баға жағынан да тиімді болмақ.

Бұл бастаманы іске асыру үшін қажетті магистральдық газ құбырлары желілері жеткілікті дәрежеде қалыптасқан. Оның үстіне қалаішілік газ құбырлары да, қалааралық газ құбырлары да қолжетімді және инфрақұрылым аясы кең.

Б.Жаныбеков метан экологиялық таза, үнемді, ЖЖМ арасында ең қауіпсіз және жеңіл ұшып кететін газ екенін атап өтіп, осы шұғыл шаралар кешенін іске асыруды Қызылордадан бастау және одан әрі нәтижелерін басқа қалаларға таратуды ұсынды.

Аймақ басшысы мұның өзектілігін ескере отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.

– Жобаны шикізатпен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселесін пысықтау керек. Осыған байланысты, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына мұнай компанияларымен жобаны іске асыруды талқылау жөнінде кеңес ұйымдастыруды тапсырамын. Сонымен қатар, жобаға қажетті шикізат көлемі мен қаржыландыру мәселелері шешімін тапқан жағдайда, бастамашыларға мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларын ұсыну қажет, – деді облыс басшысы.

Мұнан кейін «Тех Сервис» ЖШС директоры Марат Жаппарбергенов Қызылорда қаласында «Keremet Arena» спорт кешенінің құрылысы жобасын таныстырды. Құны 1 млрд теңге құрайтын кешенде бір күнде 150 адам спортпен шұғылдана алады. Сонымен қатар 25 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жоба бастамашысы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда.

Сонымен қатар, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы қолайлы екенін атап өтті. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновке жобаның қаржыландыру мәселесін екінші деңгейлі банктермен пысықтап, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуі тапсырылды.

Кеңесте қаралған мәселелерді саралаған облыс әкімі биыл әлеуметтік инфрақұрылымды, яғни мектеп, аурухана, мәдениет және спорт нысандарын жақсарту жұмыстарын кешенді түрде жалғастыруда бұл жобаның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<