Қызылорда қалалық әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының ұйымдастыруымен пробация қызметінің есебінде тұрған және жазасын толық өтеп шыққан азаматтар арасында асық ату мен ләңгі тебуден жарыс өтті.
Тартысты өткен бәсекеге 3 команда қатысты. Екі кезеңнен тұратын сайыста 15-ке жуық азамат ұлттық ойын көрігін қыздырса, оған қалалық спорт бөлімінен келген төрешілер қазылық етті.
– Біздің міндетіміз – жазасын өтеп шыққан және пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу. Оларды жұмысқа орналастыру, жеңілдетілген несие алуына жәрдемдесу, психологиялық және заңгерлік көмек көрсету. Бүгінгі шара – соның бір парасы. Мәселен, биыл 3 азамат қайтарымсыз несие алып, тірлікке тіреу болар кәсібін бастады. Ал былтыр 14 азамат бизнеске бет бұрып, әрқайсысы 2-3 адамды жұмыспен қамтыды. Әрине, олардың арасында да бастаған жұмысын жүргізе алмағандар болды. Біз оларға көмектестік. Бір ғана мысал, былтыр шаштараз ашқан азаматтың жұмысы келушілер болмай тоқтап қалған болатын. Соған Тасбөгеттегі бейімдеу орталығымен келісім-шартқа отырып, айына 30 адамның аталған қызметті тұтынуына ықпал еттік, – деді қалалық әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының директоры Бақыт Нұртазаев.
Бір сағатқа созылған тартысты ойында жеңімпаздар анықталып, грамота мен медальдар табысталды. Бұған қоса, оларға қосымша сыйлықтар берілді. Марапаттау рәсімінен соң команда ойыншылары суретке түсті.
К.АҚТАН





