Құтқарушылардың кәсіби мерекесі

1525

0

Құтқарушылардың кәсіби мерекесі Жақында құтқарушылар кәсіби мерекесін атап өтті. Мереке қарсаңында Қызылорда қаласында  №7 өрт сөндіру бөлімі қайта жаңғыртылып ашылды. Рәсімге облыс әкімінің орынбасары 

Марат Делмұханов, облыстық ТЖ органдарының ардагерлері мен қызметкерлері және қала тұрғындары қатысып, бөлімнің жұмысына оң бағасын берді. 

Айта кету керек, қала орта­лығында орналасқан бұл ғима­раттың іргесі 1966 жылы қа­ла­нып, екі жыл­дан кейін қол­данысқа бе­рілген. 1981 жылға дейін мұнда  кәсіби өрт бөлімі, 1981-1996 жылдары Ішкі істер басқармасына қарасты №64 әскерилендірілген өрт бөлімі болды. 1996 жылдан бастап 10 жылдай қалалық отряд, 2009 жылға дейін Қызылорда қаласы өртке қарсы қызмет басқармасы қоныстанды. 2009-2011 жыл­дары «Өрт сөндіруші» АҚ филиалы және 2011-2017 жылдар аралығында кә­сіби дайындық мектебі орналасты.

Салтанатты шара мұнан әрі А.Тоқмағамбетов атын­дағы мә­дениет үйінде жал­ғасты. Құтқа­рушылар кү­ні­не арналған кеш өз қызмет­тік міндеттерін орындау кезінде қаза болған әріп­тесте­рі­нің рухына тағзым етуден бас­талды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары М.Дел­мұханов барша құтқа­ру­шылар қауымына аймақ бас­шы­сының құттықтауын жет­кізді.

– Құтқарушы – халықтың ты­ныс-тіршілігін, аумақтың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік маңызы бар мәртебелі мамандық. Бұл – үнемі жанқиярлық пен ерлікке әзір тұратын өмір салты. Тек батыл, ер­жүрек, және табанды адам­дар ғана құтқарушы ма­ман­дығын таңдайды. Се­бебі, сіздер күн сайын қиын да қауіпті жағдайда түрлі сипаттағы қа­терлерге қарсы тұрып, батыл әрі адал қызмет көрсетесіздер. Бүгінгі мереке – сіздердің осы қызметтеріңізге құрмет. Кәсіби мереке­леріңізбен шын жүректен құт­тық­тай­мын, зор денсаулық, отба­сы­ла­рыңызға амандық, кәсіп­те­ріңізге береке тілеймін, – де­лінген құттық­тауда.

Шара барысында әріп­тесте­рін облыстық төтенше жағдайлар департаменті бас­тығының орынбасары Руслан Қайрақбаев Ішкі істер министрі, полиция ге­нерал-майоры Ерлан Тұр­ғымбаевтың мере­­келік құт­тықтауымен таныс­тырды. Мұ­нан кейін бір­қатар қыз­меткерлер түрлі мара­патқа ие болды. Жиын соңы мере­келік концертке ұласты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<