Таспаланған тарих

1258

0

Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстановтың «Қоғалыкөлдің Құлагері» атты кітабы жарық көрді. Автордың «Қоғалыкөлдің Құлагері» деп отырғаны – фотожурналист, Қазақстанның құрметті журналисі Болат Омарәлиев.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналис­тер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев бұл  аталған баспаның алғашқы коммерциялық жобасы екенін жеткізді.

– Болат ағамыз да, Тілеген ағамыз да – өмір жолы күрделі әрі көпке өнеге боларлық жандар. Қос азамат бүгін «Тұмар» баспасының жаңа жобасының алғашқы авторы және басты кейіпкері ретінде төрімізде отыр. Кітап баспа тарапының демеушілігімен жарыққа шықты. Бұл жоба арқылы оқылымды кітап пен оқырман арасын жақындату мәселесі шешілсе деген ойымыз бар. Алдағы уақытта игі дәстүр жалғасын таппақ. Біз кітап шығару арқылы кітап бизнесін дамытудан бөлек, оқырманды тәрбиелеп, қалыптастыруға үлес қосқымыз келеді, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Баспа нарығында ширек ғасырлық тарихы бар «Тұмар» баспасы соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. «ASU» баспа үйі» ЖШС директоры Қасымхан Қыдыр­баевтың айтуынша, бұл кітап өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Тапсырыс беруші үшін мұнда қолайлы жағдай қарастырылған. Кітапты бас­паханаға жібергенге дейінгі теру, беттеу, әрлеу, өңдеу сияқты көптеген жұмыс бір жерде атқарылады.

Кітап өндірісін нарыққа бейімдеуге мүдделі баспа үйінің бұл жолғы өнімі таспаға таңбаланып, тарихқа айналған өнер иесінің ғиб­ратты ғұмырынан сыр тар­тады. Сұлулықты сурет­теу үшін ақын өлең жазып, жазушы қара сөзден қамал тұрғызбаушы ма еді?! Ал суретші қылқаламына жү­гінеді. Ағаның бойында ал­дыңғы екі қасиет те бар. Кітап авторы сөзінің дәлелі ретінде оның 1971 жылы 13 шілдеде облыстық «Ленин жолы» га­зетіне шыққан «Үміт оты» әңгімесін келтірді.

– «Самородный сары алтын» Сәбира Майқановамен, ағайынды Қожықовтармен бір топырақтан шыққан аға­мыздың болмысына жоқ дегенде алтынның датын кездестіретіндей үңіле түстім. Қарасаң, қауға жететін жерде емес, сүңгу керек екенін сезіндім. Тереңдеген сайын қазыналы мұхиттан маржан сүздім. Жазылуы бөлек жырларға кенелдім. Жасөспірім кезінде «Өмір бөгетсіз болмайды» деген повесть жазуға талпынғанын білдім. Зейнетке шыққаннан кейін «Сыр тұнған Сырдың дидары» атты кітап жазуды жоспарлапты. Осылайша ой орамына түстім. Ағаны жалпы жұртшылық фотокорреспондент, фотожурналист ре­тінде біледі. Өмірі, өскен ортасы, көрген қиындығы, шығармашылық қыры туралы баспасөз беттеріндегі мақалалардан оқығаны болмаса, көлемділеу дүние кезегін күтуде екен, – деді Т.Бекарыстанов.

Кезегін күткен еңбек қолға тиді. Оның кейіпкерлері, ағаның бауырлары, әріптес інілері басқосуда ағынан жарылды. Суреттерін сұрыптауға келгенде сыншыл, жариялауға келгенде талғампаз екенін айтты. «Отандық фотожурналистиканы дамытудағы орны бір төбе» деді.

Өмірдерегіне үңілсек, былай өріледі. 1948 жылы Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық «Сырдария» газетінен бастады. Одан кейінгі 45 жылы аймақтың ата басылымында өтті.

– Бала күнімнен сурет салуға құмар болдым. Мені фотоөнерге алып келген осы құмарлығым болса керек. Алғашқы фотоэтюдім 15 жасымда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланды. Ал ақындық әрқайсымызда бар. Әуеліде сурет өнерін өлеңге айналдырамын деп азапқа түстім. Бірақ дайын суреттің астына өлең жазуға болғанмен объективпен өлең жазу мүмкін емес екен, – деді Б.Омарәлиев.

Иә, ол өз орнын фотожурналистикадан тапты. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттері ұйымдастырған фото­конкурстардың лауреаты атанды. Ресей, Польша, Ук­раинада фотокөрмелері өтті. Ресейдің «Известия» газе­тінде, «Советское фото» жур­налында шығармашылық ізденістері ­жарияланды. 1989 жылы Мәскеуде өткен фото­тілшілер съезіне Қазақ­стан атынан қатысты. Ең­бек­тері 20-ға жуық кітапта көрініс тапты.

Ал бүгінде Б.Омарәлиев есімі Facebook аудиториясына жақсы таныс. Өйткені, жас күнінен бері объективіне ілінген талай кадрды аз-кем тарихымен қоса сонда жария­лап отырады. Оған көптің ықыласы да ерекше.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<