Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысында тасқын су ағыны әлі келіп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлім етілгендей, жаңбыр түрінде жауын-шашынның мол түсуіне және қардың жылдам еруіне байланысты 3 аудандағы таулы жерлерде, атап айтқанда Бәйдібек (Шаян, Таңатар, Ынтымақ, Ақбұлақ, Шақпақ, Бірлік), Сауран (Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Ораңғай, Майдантал, Шаға), Ордабасы аудандарында (Шұбарсу, Бадам, Шұбар) су тау беткейінен төмен аққан.
«Үйлерді су басудан сақтап қалу үшін Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері құм салынған 2500 бірлік көлемінде қапшықтарды төсеп жатыр. Каналдарды қазу арқылы суды бұру және ағызу жұмыстарының нәтижесінде Майдантал ауылында үй аулаларын су басу қаупі сейілді.
Қазіргі уақытта қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жауын-шашын облыс аумағында тоқтады. Алайда су ағыны әлі де келіп жатыр.
Суды сору және ағызу жұмыстарына барлығы 308 адам, 51 техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖД-нің: 68 адамы, 11 техникасы, 20 мотопомпа, 1 жүзу құралы. Жергілікті атқарушы органның 240 адамы, 40 техникасы, 5 мотопомпа», – деп мәлім етті Бақытжан Запаров.
Еске салайық, бүгін таңертең Түркістан облысында бірнеше елді мекенді су басып қалды. Өңірде жедел желі іске қосылды. Сауран ауданында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті. Сондай-ақ осы ауданда 7 балабақша жұмысын тоқтатты.
Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауа райының қолайсыздығынан автомобиль жолдарының бірқатар бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қойылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<