Тасқын суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарды

776

0

Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында тәртіп сақшысы тасқын суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 2 ақпан күні болған. Сауран ауданын су алған сәтте, Шаға ауылында кезекшілікте жүрген учаскелік полиция инспекторы Абай Байжұман белгісіз ер адам тасқын суға құлап кеткенін көрген.

Бірден көлікті тоқтатқан ол киіммен суға кіріп, ағын судың ортасында болған ер азаматты қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін құтқарылған адамды жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға алып кеткен.

«Қиын сәтте Түркістан облысының полицейлері жұдырықтай жұмылып, азаматтарды эвакуациялауға және олардың мүлкін қорғауға атсалысып жатыр. Мәселен, небары 2 күн ішінде Түркістан облысының полицейлері арнайы мамандармен бірге 200-ден астам адамды эвакуациялап, қауіпсіз жерге алып шықты», – делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

2 ақпанда Түркістан облысының бірнеше ауданын су басқан болатын. Адамдар эвакуацияланып, өңірге Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ұшып шықты.

Сауран ауданында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті. Сондай-ақ осы ауданда 7 балабақша жұмысын тоқтатты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Бүгін мәлім етілгендей, Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне орала бастады. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аталған ауданда төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Түркістан облысындағы су тасқынына қатысты соңғы мәліметтерді жариялады.

«Қазір республиканың оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде Түркістан облысында су тасқыны жағдайы күрделене түсті. 1-2 ақпанда қатты жауын-шашын мен температураның 7-8 градусқа дейін көтерілуі нәтижесінде аталған облыстың 4 ауданын таудан еріген қар сулары шая бастады. Атап айтқанда, Сауран, Ордабасы, Созақ және Бәйдібек ауданының аумағы. Сондай-ақ Арыс және Кентау қалалары да бар. Салдарынан 21 елді мекен және 234 аула аумағы су астында қалды», – деді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, су тасқынынан үйлер құласа, шығын жергілікті бюджеттен өтелетінін айтты.

Жалпы ағын су салдарынан облыстық маңызы бар 10-нан астам жол бүлінген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<