Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңтайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек.
Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей жолдарды қарастыру қажет» – деп көрсетілген.
Елімізде дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы жария етілді.
«Медиация туралы» Заңының аясында сотта болатын азаматтық және қылмыстық дауларды сотқа жеткізбестен өзара бейбіт бітімге келу арқылы реттеп, сотта осындай дауларды 30 процентке дейін кеміту болып бекітілген.
Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни, өзара араз тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі, яғни, екі жақты татуластыру әрекеті.
2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Жаңақорған аудандық сотының құзырында қаралған әкімшілік істер бойынша 24, қылмыстық іс бойынша 9, азаматтық іс бойынша 8 арыз-шағым «медиация» тәсілімен тоқтатылып, тараптар келісім бойынша бітімгершілікке келген.
Қазақ қоғамының тарихында дау-дамайды аузы дуалы ақсақалдар ортаға салып, адамгершілік қағидаттарына қарсы келмейтін бітіммен шешкен. Халқымыздың «Тура биде туған жоқ» дейтін сөзі сол аталарымыздың ақ-қараны айыруда ақиқаттан аттамағанын білдіреді. Демек, бітімгершілік ісінде билер институтына арқа сүйей отырып жасалатын жұмыстарымыздың мазмұнында бай тәжірибе бар.
Қазіргі таңда, осы ескі де есті жол сот саласында жалғасын тауып отыр. Міне, осы тұста «Сотқа дейін, сотта» атты республика көлемінде жүріп жатқан пилоттық жобаның нәтижесін айтуға болады.
Тәжірибелі медиаторлардың және білікті судьялардың ықпалымен ел ішіндегі арыз-шағым айтушы тараптар татуласып, «медиация» тәсілінің өз жемісін беріп келе жатқаны анық.
Р.БЕРКІНБАЕВ,
Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы.
Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<