Тау тұлғасы биіктей бермек

5

0

Ғұмырының басым бөлігін өңіріміздің қаржы-салық саласына арнаған, өзіндік орнын қалыптастырған Мүбараков Қамбарбек Амангелдіұлындай қимас жанның орны бөлек еді.

Оның өмір жолы ерте үзіледі деп кім ойлаған? Жақсылардан бата алған, ақылымен жол тапқан, ардақты тұлға құйрықты жұлдыздай мезгілсіз ағып өтті.

Қалтқысыз қызметімен, өз ісіне берілген адалдығымен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген біртуар  азамат екенін көзімізбен көріп,  қоғам алдындағы қызметіне куә болдық.  Қайнаған қызу тірліктің ортасында жүрген Қамекең қай салада да өзінің біліктілігін, талапшылдығын, жауапкершілікті сезіне білетінін көрсетті. Сондықтан болар, қызмет жасаған уақытында ел алғысына бөленіп, өз ортасында абырой биігінен көрінді.

Жергілікті бюджеттің әлеуметтік проблемаларды шешудегі орны ерекше. Халық қазынасын еселеп арттыру ісіндегі сан жылдық тәжірибесін пайдалана отырып, өңі­ріміздің өркендеуіне  сүбелі үлес қосты. Бұл ретте әр саланың қаржыландыруды қажет ететін өзекті бағыттарын дәл анықтап, өзіне тән жауапкершілікпен  қаржының нақты жұмсалуына қатаң талап қоя білді.

Аймақтың экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін бюджеттік түсім көздерін дұрыс жоспарлауының нәтижесінде  салықтардың бюджетке толықтай түсірілуіне және жылма-жыл артуына ерен еңбек сіңірді.

Мемлекеттік саладағы мінсіз қызметі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін», басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Республика және облыс басшылығының марапат пен Алғыс хаттарына ие болған.

Өмірден ерте озса да, өшпестей із қалдырған озық ойлы азаматтың еңбегін айрықшалап айтуымыздың өзіндік мәні бар. Өйткені, Қамекеңнің ерен еңбегі туған өлкесі – Сыр өңіріне сіңді. Елін сүйді, асыл жарын аялады, балапандарын шексіз әкелік махаббатқа бөледі, дос қадірін білді.

Дана Абай атаған жігіттің үш қасиеті – нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат Қамбарбектің бойына туа біткен еді. Сол арқылы қызмет еткен ортасына, туған өлкесінің дамуына қосқан үлесі мәңгілік есте қалады.

«Тау алыстаған сайын биіктейді» деген дана халқымыз, күн өткен сайын Қамекеңнің  тау тұлғасы да әріптестері арасында  биіктей бермек.

Ғани АМАНОВ,

Қызылорда облысы бойынша

мемлекеттік кірістер

департаментінің басшысы