Тауар таңбасы қалай тіркеледі?

1390

0

Экономикасы нарықтық бағытқа бет алған еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту өзектілер қатарында. Өйткені, нарықтық экономиканың өзі – кәсіпкерлік экономика. Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Сондықтан да, кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын дәлелдейді.

Жалпы өркениетті елдердің қай қайсысын алсақ  та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Себебі, кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар қосымша жұмыс орындарының ашылуына да себебін тигізеді. Кәсіпкерліктің осындай және басқа да экономикалық және әлеуметтік функциялары оны дамыту мәселесін маңызды мемлекеттік міндеттер қатарына жатқызуға және экономиканы реформалаудың ажырамас бөлігі деп қарастыруға негіз береді.

Бүгінгі күні кәсіпкерлік саласындағы көкейтесті мәселелердің бірі тауарлық белгіні мемлекеттік тіркеу болып отыр.

Негізінен кәсіпкерлер тауар таңбасы ретінде өздерінің логотиптерін тіркейді. Логотип — бұл фирмалық стильдегі элемент. Тауар белгісінің жиі тіркелетін нысаны фирмальқ түрде салынған, яғни фирманың немесе фирмамен шығарылатын тауардың толық немесе қысқартылған атауын ерекше етіп жазу. Көбіне логотипті фирманың эмблемасымен жаңылыстырады.

Логотип фирмалық стилде жазылған (салынған) сөз екенін есте сақтау маңызды. Ал, тауар белгісі –  «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес тіркелген белгі, ол белгілі бip заңды немесе жеке тұлғаның тауарын немесе қызметін eкіншi бip заңды немесе жеке тұлғаның тауары мен қызметінен айыру үшін қажет.

Тауар таңбасын азамат сурет, жазу, әріп, сан, көлем түрінде немесе басқа да белгілер немесе кез келген түстегі үйлесімділік түрінде тіркей алады.

Тауар таңбасын тіркеу туралы куәлікті алу оны пайдалану құқығына ие болу мүмкіндігін береді. Ол тауар таңбасын заңды иесінің келісімінсіз ешкім пайдалана алмайды.

Тіркелген тауар таңбасы өнімді пайдалануға толық құқық береді.  
Қазақстан Республикасының «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңы тауар, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға, пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді. 

Тауар таңбасын тіркеуге заң бойынша белгіленген нысанда өтініш беріледі. Арада бір жыл уақыт өткен соң таңба Мемлекеттік тізілімге енгізіліп, тауар иесіне оның ерекше құқығын куәландыратын куәлік табысталады. Куәлік 10 жыл бойы күшінде болып, қолданылу мерзімі әр 10 жылда ұзартылып отыруы мүмкін. 

Бір айта кетерлігі, құжаттар тек мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде жазылады. Егер құжат өзге тiлде жазылса, онда өтiнiш берушi екi ай ішінде олардың мемлекеттiк не орыс тiлiндегi аудармасын тапсыруы керек. Сондай-ақ, тауар таңбасы бір түсті бояулы немесе әр түсті бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.

Тауар таңбасына өтiнiштi кімдер, қалай бере алады десек?  Оның еш қиындығы жоқ. Тауар өндірумен айналысамын деген бір немесе бірнеше адам сараптама жасау ұйымына өтiнiш береді. Мысалы, ұжымдық тауар таңбасына өтiнiш ұжымдық тауар таңбасын пайдалану туралы оған қатысушылардың келiсiмiмен бiрлестiк атынан бiр тауар таңбасына ғана қатысты, бiр бланкiде табысталады. Онда, біріншіден, өтiнiш берушiнi (өтiнiш берушiлердi), сондай-ақ оның (олардың) орналасқан немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, белгiге сараптама жүргiзу туралы өтінішті, екіншіден, мәлiмделген белгiнi, үшіншіден, тауарлар мен қызметтердiң халықаралық сыныптамасына сәйкес, тауарлардың, қызметтердiң тiзбесiн көрсетсе болғаны. 

Сонымен қатар, өтінiшке сараптама жасау ұйымы қызметтерiнiң ақысы төленгендігiн растайтын құжат қоса тiркелгені жөн. Төлем мөлшерi еліміздің заңдарына сәйкес жүргізіледі. Екіншіден, өкiл арқылы жүзеге асырылған жағдайдағы сенiмхат, үшіншіден, ұжымдық тауар таңбасын өз атына тiркеуге уәкiлеттi ұйымның атауын, таңбаны тiркеу мақсатын, осы таңбаны пайдалануға құқылы субъектiлер тiзбесiн, ұжымдық тауар таңбасымен белгiленетiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi мен бiрыңғай сапасын, өзге де сипаттамаларын, пайдалану шарттарын, пайдалануды бақылау тәртiбiн, ұжымдық тауар таңбасы жарғысының ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылықты қамтитын ұжымдық тауар таңбасы жарғысы (ұжымдық тауар таңбасына өтiнiш берiлген жағдайда) тiркеледі. 

Тауар таңбасын заңсыз пайдалану қоғамда кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл болатын қауіпті құбылыстардың бірі. Сондықтанда әрбір кәсіпкер, өз жұмысы барысында зияткерлік меншік обьектілерін қолданып, табыс табу мақсатында лицензиясыз өнімдерді пайдалануы заң алдында жауапкершілікке әкеп соқтыратынын ескергені абзал.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы

ШАХАР БЕГЕЖАНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<