Тауар таңбасын қалай тіркейміз?

684

0

  Тауар таңбасы дегеніміз: тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы– ҚР « Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы » Заңына сәйкес тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын (көрсететін қызметтерiн) басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерiнен) ажырату үшiн қызмет ететiн белгiні білдіреді.

      Тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiгін беретiн олардың аралас үлгiлерi де тiркелуi мүмкiн. Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.

      Тауар таңбасының иесі өз тауар таңбасын қаншалықты тез тіркеуіне байланысты, соншалықты тез артықшылық құқықтарына ие болады. Сондықтанда, тіркеуді кейінге қалдырудың қисынсыз екенін сезінгені жөн. Тауар таңбасын тіркеу ҚР Әділет Министрлінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетке өтініш берген сәттен басталады. Бұл тіркелген зияткерлік меншікті қорғау құқығын береді.

       Тауар таңбаға куәлік алу үшін өтінім және оған қоса берілетін құжаттар сараптама жасау ұйымына – «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі – «ҰЗМИ» РМК) жеке өтініш білдіру немесе пошта байланысы арқылы (мекен-жайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Қорғалжын тас жолы, 3Б ғимараты) ұсынылады. www.kazpatent.kz «ҰЗМИ» РМК ресми сайтын пайдалана отырып электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған жеке кабинет арқылы электрондық құжат түрінде. Қағаз тасығышта берілген кезде өтінім компьютерлік теру және мөр арқылы мемлекеттік немесе орыс тілінде шығарылған екі данада беріледі.

       Қазақстан Республикасы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 9 бабына сәйкес:

      1.Өтінім бір тауар таңбасына қатысты болуға тиіс.

      2. Өтінім:

      1) өтiнiм берушiнi, сондай-ақ оның орналасқан жерiн немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, белгілемеге сараптама жүргiзу туралы өтiнiштi;

      2) мәлiмделген белгiнi;

      3) Тауарлар мен қызметтердiң халықаралық сыныптамасына сәйкес тауарлардың және (немесе) қызметтердiң тiзбесiн қамтуға тиiс.

      3. Өтінiмге:

      1) сараптама жүргізгені үшін көрсетілетін қызметке ақы төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      2) іс жүргізу өкіл арқылы жүргізілген жағдайда сенімхаттың көшірмесі;

      3) ұжымдық тауар таңбасын өз атына тiркеуге уәкiлеттi ұйымның атауын, бұл таңбаны тiркеу мақсатын, осы таңбаны пайдалануға құқылы субъектiлер тiзбесiн, ұжымдық тауар таңбасымен белгiленетiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi мен бiрыңғай сапасын немесе өзге де сипаттамаларын, оны пайдалану шарттарын, оны пайдалануды бақылау тәртiбiн, ұжымдық тауар таңбасы жарғысының ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылықты қамтитын ұжымдық тауар таңбасы жарғысы (ұжымдық тауар таңбасына өтiнiм берiлген жағдайда) қоса тiркелуге тиiс.

      4. Өтiнiм және оған қоса тiркелетiн құжаттар қазақ немесе орыс тiлiнде табыс етiледi. Егер құжаттар басқа тiлде табыс етiлген болса, өтiнiм берушi бір ай мерзiмде олардың қазақ немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсырады.

        Тауар таңбасына өтінім мыналарды қамтуы тиіс:

  • өтініш беруші, сондай – ақ оның орналасқан жері немесе тұрғылықты жері -көрсетілген белгіге сараптама жүргізу туралы өтініш (қағаз тасығышта берілген жағдайда өтініш бланкісіне – 2 данада ұсынылады.);
  • өтінім берілген белгі (қағаз тасығышта берілген жағдайда өтінім берілген белгі 3 данада ұсынылады, көлемі – 8*8);
  • тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасына сәйкес тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің тізбесі.

        Тауар таңбаласын, қызмет көрсету таңбасын тіркеуге өтінімді қабылдау және  сараптама жүргізу  қағаз тасымалдаушыда  60 599,84 тенге,  электрондық түрде берген кезде- 51 509,752 теңге.

       Өтінім беруге төлемдер мөлшері және төлем жүргізуге қажетті реквизиттер «ҰЗМИ» РМК сайтында орналастырылған.

З.Канапина,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің

Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы,

Қазақстан заңгерлер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<