Фото: ашық дереккөз
Ұлттық банктің ресми дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың қаңтарында ет және оның өнімдері 32 пайызға қымбаттаған. Ет саудасымен айналысатын сатушылар құс етінің ішінде кең тарағаны әрі өтімдісі – тауық дейді. Қаламызда үйден бройлер тауығын өсіріп, оны кәсіп көзіне айналдырған Әйгерім Балмановамен пікірлесу сәті түскен еді.
– Өзіме дүкендегі мұздатылған тауық етінің дәмі ұнамайды. Бірақ балаларым сүйіп жейді. Неліктен үйден тауық өсіріп, оның етін сатып кәсіп ашпасқа деген ой келді. Осылайша үйде отырып, балапандарды өсіре бастадық. Межелі уақытта тауыққа айналған бройлер құсын сойып, тапсырыстар орындай бастадық. Қазір тұрақты тұтынушыларымыз бар. Біздегі тауық етіне ешқандай қоспа қосылмайды. Табиғи жолмен өсіреміз. Ол үшін біршама уақыт керек. Күніне 4-5 тапсырыс орындаймыз. Келісі 1500 теңгеден. Бір тауықтың салмағы 2-3 келідей шығады. Жеңіл әрі сіңімді ас болғандықтан, құрамында пайдалы минералды заттар мол. Диетологтардың көбі адамның қалыптасып қалған тамақтану үрдісін өзгерту керек дегенді айтып жүр. Көбіне кішкентай балалары және үйінде үлкен кісілері барлар жиі тапсырыс беріп тұрады, – дейді ол.
Расымен бүгінде тауық және оның етінен дайындалатын тағам түрлері балалардың сүйікті асына айналған. Көшелерде емін-еркін сатылымға шығып жатқан гриль, тауық қанаттары, наггетсы, KFS-ті барлық фастфуд сататын кафелерден табасыз. Көбі осындай дайын тағамға үйренген. Алайда оның денсаулыққа тигізер зиянына көпшілік бас ауыртпайды.
Жақында пайдасынан гөрі қаупі басым құс етін елімізде сумен толтырып қатыруға және ет дәмін күшейткіштерді қосуға тыйым салынды.
Дүкеннен үйге әкеліп, оны еріткеннен кейінгі салмағы шынында азайып қалатынын көріп те жүрміз. Енді оны сумен толтырып қатыруға рұқсат жоқ. Сонымен бірге жібіткеннен кейін ылғалдың бөліну жылдамдығы белгіленді. Оның үлесі 4 пайыздан аспауы керек. Бұл туралы Сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев мәлімдеген еді. Мұндай стандарттар Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейде бұрыннан бар. Сондықтан қазақстандық тұтынушыны қауіпті өнімнен қорғау қолға алынуда. Егер талаптарды бұзған өндірушілер болса, оларды 600 мың теңгеге дейін айыппұл күтіп тұр.
Бізде сатылып жатқан құс еті және одан дайындалатын өнімдердің сапасы туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергеновадан сұраған едік.
– Өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу аясында өткен жылы сауда орындарынан өнімдердің 2050 сынамасы алынып, зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама жүргізуге іріктеп алынған өнімдердің басым үлесі, яғни 70% тағам өнімдері және 30% тамақ емес өнімдердің үлесінде. Тексерісте құс еті және құс етінің өнімдері де қамтылды. Сатып алынған барлық өнімдердің 146 үлгісі, яғни 7,12 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сай келмей шықты. Оның ішінде 3 сәйкессіздік құс етінен анықталды. Мұздатылған қанатты бройлер тауық етінен табиғи жартылай фабрикат, бройлер балапандарының мұздатылған қанаттары, бройлер тауықтарының етінен жасалған мұздатылған сирақ физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша техникалық регламенттер талаптарына сай болмады. Нақты айтқанда ылғалдылық бекітілген нормадан жоғары екені анықталды. Бұл бойынша ҚР халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде нұсқамалар берілді, – дейді ол.
Елімізде 56 құс фабрикасы бар. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов бұл сала қолдауға зәру екенін мәлімдеді.
Ол бір тонна жем 180-190 мың теңге болғанын, ал жұмыртқа мен тауық азығы ет өнімдерінің өзіндік құнының 70 пайызын құрайтынын айтады. «Егер бидай арзан болса, өнім бағасы нарықта түседі. Бәрі мемлекеттің қолдауына байланысты», – дейді.
Байқасаңыз дүкендердегі жергілікті өнім бағасы шетелден келетіндерден қымбат. Сондықтан қарапайым жұрт оның арзанына қарай жүгіреді. Естеріңізде болса осыдан бірер жыл бұрын әлемде құс тұмауы өршіді. Бұл індет елімізді де айналып өтпеді. Сол уақытта 7 облыстың 78 елді мекенінде құс тұмауына байланысты карантин енгізілген еді. Ал ауру жұқтырған құсты қалай залалсыздандырды? Оның еті «бармақ басты, көз қыстылықпен» сатылымға шығып кетпегеніне кім кепіл?
Әлемдік сарапшылар тауық етінің адам ағзасына зиянын айтып дабыл қағуда. Зауытта өндірілген тауық етінің қаупі қандай? Негізінен алғанда өндірістегі тауық орта есеппен 32 күн өмір сүруі тиіс. Қысқа мерзімде құстың дұрыс межелі мерзімге жетіп, өсуі үшін өндірушілер қандай қадамға барады? Деректерге қарасаңыз, енді тауық етін жеместей боласыз. Бірақ құнарынан қаупі басым бұл өнім жайлы ақпараттарды айтпауға да хақымыз жоқ деп ойлаймыз. Ендеше зер салыңыз.
Тауық аз уақытта тез жетіліп, дене салмағы артуы үшін оның жеміне әйел эстроген гормоны қосылады. Осылайша құстың өсу қарқыны артады. Сондықтан, «зауыттық» тауық етін тұтынған әйелдерде гормонның қандағы артық мөлшері денсаулығының бұзылуына әкеледі. Ал құс етін жиі тұтынатын ер адамдар бедеулікке ұшырауы мүмкін. Тауық өндірісінде танымал антибиотиктер тетрациклин мен пенициллин қолданылады. Бұл антибиотикке төзімді бактериялардың пайда болуына әкеледі. Сондай-ақ, кейбір өндірушілер тауық етін қалдықсыз өндірудің жүйесін қолданады. Яғни, ауру немесе дамымай қалған, басқа да себептермен өлген тауық ұсақталып, жем беру конвейеріне араластырылады. Құстар осы қоспаны жейді. Ал тұтынушылар мұның бірде-бірін білмей, әрі қарай пайдалана беретіні белгілі. Мамандардың айтуынша, құс фабрикаларының біразы қарапайым қағидаларды ұстанбайды. Сондықтан, өндірістік тауықтар ерлерде де, әйелдерде де гормоналдық бұзылуға әкеледі екен. Ендігі таңдауды өз еркіңізге қалдырамыз.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<