Тағылымды ғалым, көрнекті педагог, тамаша дос туралы

761

0

Уақыт неткен жылдам де­сеңізші, ортамызда жүр­ген белгілі ғалым, ірі педагог, тамаша жан және дос Мұстафа Матайұлы Матаевтың дүниеден өткеніне, міне, бір жыл өте шығыпты.

Мұстафа Матаев тек ғылымға, философияға ғана емес, әсіресе, Қазақстанның жоғары білім беру ісіне қомақты үлес қосқан ұлағат иесі. Ол ұзақ жылдар бойы Қызылорда мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, декан қызметін атқарып, қоғамдық істермен айналысты, философия, юриспруденция, басқа да ғылымдар саласында мың­даған жоғары білімді мамандар дайындады, сол шәкірттері Қазақстан Республикасының түрлі салаларында табысты еңбек етіп, қоғамға қызмет жасап жүр. 

Мен Мұстафа Матайұлын жақсы білетін едім, өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап дос болдық. Бұл оның орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған соң Қазақ мемлекеттік университетінің философия факуль­тетіне оқуға түскен кезі еді. Ол кездерде мектепті алтын медальмен бітіру екінің бірінің қолынан келе бермейтін-ді, мұндай жоғары белгіні тек шынымен еңбек сіңірген, соған нағыз лайықты оқушылар ғана иеленетін.   

Біздің балалық шағымыз өте ауыр соғыс жылдарымен тұспа-тұс, қиын-қыстау жағдайда өтті, сол кезеңдердегі барша халқымыз бастан кешкен ауыртпалықтарды біздер,  балалар да, басымыздан өткердік. Біз тез есейдік, ерте ержеттік, тіршіліктің тауқыметін ерте түсіндік, содан да болар, университетке түскен кезде әлдебір маңызды да қажетті нәрселерді атқарсақ деп армандадық, армандап қана қоймай, білім алуға ынтамыз зор болды, жастық жігермен алға ұмтылдық. Біздің жолымыз болды десек те болады. Москвада, Ленинградта, еліміздің басқа да ірі ғылым және білім орталықтары болған қалаларда  космополитизм делінетін қатал күрес жүріп жатты. Ірі университеттердің көрнекті профессорларын, ғылым докторларын, ойлы да парасатты адамдарын алыс аймақтарға жіберіп жатты. Осы адамдар біздің Қазақ университетіне де келіп, бізді оқыт­ты, керемет сабақтар берді,  философиядан терең білімдерін дарытты.  Оның үстіне, ол кездерде философиядан оқулықтар да жоқ еді, сондықтан ұстаздарымыз ең басынан әлемдік философия классиктері ‒ Платон, Аристотель, Декарт, Спиноза, Кант, Гегель, Маркс және басқаларды оқып-тануға бағдарлады.

Мұстафа Матаев әуел бастан-ақ өзінің өте қабілетті, білімге құмар, еңбекқор және жауапкершілігі жоғары студент екенін көрсетті. Екеуміз өзіміздің ғылыми қызығушылығымыз арқылы айрықша жақындасып кеттік. Ол кезде таным теориясымен айналысу өте қиын еді, республикада философия ғылымының осы бағыты бойынша мамандар тіпті жоқтың қасы болды. Біз болсақ таным теориясы, диалектика, философия тарихы проблемаларына қызығушылық біл­­діретінбіз, күні бойы кітап­ханалар мен оқу залдарынан шық­пай, қайнар көздерден оқып, үйреніп, гносеологиялық күр­делі пробле­маларды зерделеп, пікір­таластарға түсіп отыратынбыз.    

Мұстафа Матайұлы университетті ойдағыдай тәмамдады, дегенмен, отбасылық жағдайларына байланысты өзінің туған жеріне, Қызылордаға оралуға мәжбүр болды. Сол жерде ол райком, обкомның лекторлық тобында жұмыс істеді, ал мен оқуымды аспирантурада жалғастырдым. Екеуміз бір-бірімізбен жақын байланысымызды университеттен кейін де үзген жоқпыз. Мен Москвада докторлық диссертациямды қорғаған кезде ол КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып жүрді. Мұстафа Матайұлының ғылыми жетекшісі көрнекті философ, таным теориясы саласындағы ең озық маман, философия ғылымдарының докторы, профессор Марк Моисеевич Розенталь болды. Мұстафа Матайұлы беделді Қоғамдық ғылымдар акаде­миясының аспирантурасын ойдағыдай аяқтап, кандидаттық диссертациясын керемет қорғап шықты.   

Кейін, өзім ҚазКСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтын басқарған кезде Мұстафа Матайұлын бірнеше рет Алматыға шақырдым. Өйткені оның тамаша кәсіби дайындығы, жо­ғары ғылыми және рухани әлеуеті туралы жақсы білетінмін. Өкінішке орай, оның отбасылық жағдайлары Алматыға ауысуына мүмкіндік бермеді. Дегенмен, философия саласындағы барлық ойларын, өзінің дарыны мен білімін жоғары мектепте еңбек ете жүріп, шәкірттеріне бере алды. Оның оқытушылық қызметін өз университетінің, республикамыздың Білім және ғылым министрлігінің биік бағалауы тектен тек емес. Мұстафа Матайұлының еңбегі министрліктің грамоталарымен, ма­ра­паттарымен бірнеше рет атап өтілді. ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі, Халықаралық педагогикалық ғы­лымдар академиясының академигі, Қазақстан Республикасы  білім беру ісінің құрметті қызметкері атанды.

Мұстафа Матайұлы Матаев тек парасатты педагог, көрнекті ғалым ғана болып қойған жоқ, оны барлық достары, әріптестері, жақын-жуықтары тамаша адам ретінде де құрметтеді. Ол қарапайым, еңбекқор, шығармашыл, өте жауапкершілікті жан әрі нағыз адал дос  еді. Екеуміз өмірбойы дос болдық, жақын болдық, бір-бірімізге деген құрметіміз шынайы әрі шексіз еді, біз балаларымыздың арқасында туыстасып та кеттік.

Мен өзімнің жолым болды деп санаймын, өйткені Мұстафа Матайұлының тек досы ғана болып қоймай, осындай керемет жанның жақын туысына айналдым. Соңғы жылдары біз жиі кездесіп тұрдық, ол Астанаға үнемі келіп тұратын, екеуміздің кездесулеріміз нағыз мерекеге айналып жүре беретін, өйткені біз өзіміздің рухани жағымыздан өте жақын едік. Мұстафа Матайұлымен араласудың өте қызықты әрі жемісті болатын. Себебі ол барлық әдеби және ғылыми жаңалықтардан хабардар жүретін, болып жатқан барлық оқиғаларды қадағалап, алдымен ғылыми өмірдегілер туралы әрқашан біліп отыратын. Мен өзімнің БАҚ-ғы кейбір сөздерім, шыққан мақалаларым туралы кейде есіме ұстай бермеймін, ал Мұстафа Матайұлы барлық маңызды оқиғаларды әрдайым мұқият қадағалап, олар туралы өзінің нақты әрі тұшымды пікірлерін жиі айтып отыратын. Ғылыми жұмыстарым мен еңбектеріме берген оның бағаларын әрқашан аса жоғары қадірледім.

Мұстафа Матайұлы отбасының ақылман басшысы, тірегі, алтын қазығы болды. Оны жақсы білетіндердің бәрі Мәкеңнің Ақзиядай айнымас адал жармен басқосуы отбасылық өмірден жолы болғандығының жарқын дәлелі дер еді. Ақзия өз өмірін балаларына, Матаевтар әулетіне және туған-туыстарына арнаған, тіршілік тауқыметін, отбасының ыстық-суығын мойнымен көтерген жайсаң жан болды. Мұстафа Матайұлының артында тамаша ұрпақтары қалды. Оның балалары белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлері болып қана қоймай, бәрі де әкелері сияқты терең рухани, адами қасиеттердің иесі атанды. Олардың бәрі де әрдайым адамдардың тағдырына етене араласады, ал мұндай тамаша қасиеттерді Мұстафа Матайұлының немерелері де бойына сіңіріп өсті. Олардың алды әлемнің ең беделді университеттерінде білім алды, кейінгілері білім алуда, оқу бітіргендері ең дамыған мем­лекеттердің астаналарында еңбек етуде. Мұның бәрі Мұстафа Матайұлының тек ғылымда, Қазақстанның білімінде, қоғамдық қызмет саласында ғана емес, абзал әке ретінде де өмірде өзінің өшпес ізін қалдырғанының айқын көрінісі.

Мен жалпы, Мұстафа Матайұлын өте бақытты адам деп есептеймін. Өйткені оның достары өте көп еді, отбасы өнегелі болды, үлкен ғылыми және қоғамдық жетістіктері болды. Оны бірге қызметтес болған әріптестері, білім беріп, үлкен өмірге қанаттандырған шәкірттері, ризалық сезімге толы туыстары мен адал ұл-қыздары мәңгі ұмытпайды!

Жабайхан ӘБДІЛДИН,

философия ғылымдарының докторы, 

профессор,  ҚР ҰҒА академигі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<