«Таза Қазақстан»: Қолайлы аймаққа тағы бір қадам

1049

0

Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Көркейту-көгалдандыруға бағытталған шарада көшеттер отырғызылып, аумақ қоқыстан тазартылады. Ауқымы кең акцияның 5 аптаға созылуы да осыдан, яғни елді мекен, қалалар түгел қамтылады деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жобаға ерекше маңыз беріп, науқанға орай облыс әкімдеріне тікелей тапсырма жүктеген болатын.

Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, ұйымдар үй мен ғимарат аумағына тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деген атау алған екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналмақ. Ал үшінші аптада көшет отырғызылып, ағашқа күтім жоспарланса, төртінші аптада ардагерлер мен қарттар үйінің аумағын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтың арнасы қоқыстан тазартылады. Бұл – республикаға ортақ бағыт.

Облыс бұл межеден алыс емес. Әр аптаға үстеме мән беріп, қосымша шаралар қамтылған. Мысалы, акцияның алғашқы аптасында «Менің туған өлкем»,  «Табиғатқа құрмет отбасыдан басталады», «Жасыл желек», «TazaOlke – TazaEl», «Ауласы тазаның – ауасы таза!» және «Көшесі тазаның – көңілі таза!» секілді шаралар топтастырылғанын байқауға болады. 13 сәуірге дейін жалғасқан алғашқы аптада жастар арасында тазалық челенджін, ұжымдық сенбілік ұйымдастыру көзделген.

Бүгінде экологиялық акцияға облыс орталығымен қатар, аудандар мен ауылдардағы белсенді азаматтар үн қосуда. Бәрі ортақ іске жұмылып, тазалық жұмысын атқаруға көшті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы үндеу жариялап, тұрғындарды игі шараға үлес қосуға шақырған болатын.

– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі – Сыр өңірінде бүгіннен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны бастау алды. Тазалық пен тәртіп – кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі.

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Ұлы жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында облыс халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, республикалық акция аясында көшет отырғызу ісі де қолға алынбақ. Бұл жылдағы көшет отырғызу маусымының ауқымы кеңейе түсетінін білдірсе керек. Есте болса, бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөліміннің басшысы Жеңіс Файзуллаев облыс орталығына егілетін көшет туралы мәлімет берген болатын. Оның сөзінше, көктем және күз мезгілінде Қызылорда қаласының топырақтық-климаттық жағдайында өсуге бейімделген  27000 түп ағаш отырғызу межеленген.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<