«Таза Қазақстан» – жаңа үрдістердің жаршысы

191

0

Кеше ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

«Үлкенді сыйлау, мәдени мұра нысандары мен инфрақұрылымға ұқыпты қарау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту жаңа тәр­бие беру парадигмасының құрамдас бөлігіне айналуы керек.

Бүгіннің өзінде осы бағытта түрлі акциялар, таза ауада жаппай сауықтыру жаттығулары, дөңгелек үстелдер, флешмобтар мен басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Үлгі боларлық мысалдар мен қоғамдық маңызы бар бастамалар арқылы тәртіпке, салауатты өмір салтына, экологиялық мәдениетке, рухани дамуға бағытталған ор­нықты, позитивті күн тәртібін қалып­тастырған жөн», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік орман қоры аумағына 1,3 млрд, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 млн түп сексеуіл көшеті отырғызылған. Қа­залы қаласындағы 33 гектар алаңда жылына 3 млн көшет өсіретін орман тәлімбағының құрылысы аяқталды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар ара­лығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін егу жөнінде тапсырма берген болатын. 2021-2024 жылдары 659,1 мың гектар алқапқа екпе егілді. Биыл қалған 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдар егу жоспарлануда.

Бұл жұмыстарды атқаруға бюд­жеттен тыс қаражат тартылды. Өткен жылы «Қазмұнайгаз» ұлт­тық компаниясы акционерлік қоғамы 500 млн қаржы бөлсе, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктері мен КАТКО және «Республикалық орман селек­циялық тұқым өсіру орталығы» орман екпелерін өтемдік отырғызу бойынша міндеттемелерді Арал теңізінің құрғаған табанына қайта бөлу үшін бесжақты келісім жасалды. КАТКО бөлген 2,2 млрд теңге жос­парланған Арал теңізінің құрғаған табанының жұмыс көлемін қаржыландыруға мүм­кіндік береді.

Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» рес­пуб­ликалық бағдарламасы ая­сында қа­ламыздағы, аудан орта­лық­та­рын­дағы, ауылдардағы парк­тер, сквер­­лер мен аллеялар, көпқабатты тұр­­ғын үйлердің аулалары абаттан­дырылуда.

Аталған жұмыстарға қала, ау­дандар мен барлық ауылдық елді мекендер белсенді қатысып келеді. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жаңарды.

Демеушілер есебінен Қызыл­орда қаласының орталық алаңы, Жаңа­қорғанда заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» пайдалануға берілді. Дәл осындай демалыс орны жақында ғана Қазалы ауданында ел игілігіне табысталды.

Қазір қаламыздағы Президент саябағы, Қорқыт Ата мемориалды аллеясы қайта жаңғыртылуда.

«СБ» ақпарат