«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қаланың әр аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмысына 127 мекемеден 1920 адам атсалысты. Сквер-аллеялар, көпқабатты тұрғын үй аулалары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың аумағы мен көшелердің бойы тазартылып, 300 текше метр қоқыс шығарылды. Оған 41 техника жұмылдырылды.
Жәрмеңке өтті
Қаладағы «Арзан маркет» сауда үйі алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған ауылдық округтерден жергілікті шаруалар өз тауарларын әкелді.
Жәрмеңкеде 1,2 тонна ет, 100 литр шұбат, 3 тонна мұздатылған балық, 30 тонна көкөніс, ұн және азық-түлік өнімдері тұрғындарға төмен бағада сатылды.
Онға жуық жүк көлігімен 35 тоннадай ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіліп, нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан ұсынылды.
Шырқалсын мәңгі жеңістің әні
Аудандық мәдениет бөлімінің қолдауымен және «Басықара» ауылдық клубының ұйымдастыруымен Жеңістің 80 жылдығы аясында соғыс ардагері Пірназар Мырзатаевтың 105 жылдығына орай «Шырқалсын мәңгі Жеңістің әні» атты облыстық әншілер байқауы өтті.
Қатысушылар бірінші кезеңде соғыс тақырыбындағы және сол жылдардағы әнді орындаса, екінші кезеңде халық әнін шырқады.
Нәтижесінде бас жүлдені Қазалы ауданы «Кәукей» ауылының өнерпазы Карима Нағи жеңіп алды. Бірінші орынды Қармақшы ауданы «Ақай» ауылынан Рахман Алиасқар иеленсе, екінші орынды Әйтеке би кентінің өнерпазы Альбина Сембай алды. Үшінші орынды Жалағаш ауданы «Мәдениет» ауылынан келген Ақерке Қалатбек пен басықаралық Сұлушаш Сүйінтай өзара бөлісті.
Ер есімі – ел есінде
«Руханият орталығында» Жеңістің 80 жылдығы аясында соғыс және еңбек ардагері Тілеген Әбдікешовтің 110 жылдығына арналған тарихи-танымдық кеш өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Аудандық ақсақалдар және қоғамдық кеңес төрағалары Ш.Құндақбаев, Ә.Құлдүйсенов ардагердің елге сіңірген еңбегіне тоқталды. «Ерлігі елге елеулі ер» атты естелік жинақтың тұсауы кесіліп, аудандық кітапханаға тарту етілді. Аудан өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қалдықты қайта өңдеу мәселесі қаралды
Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қаралды.
Мәжілісте қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарының қазіргі жағдайы талқыланды. Аудан әкімі бұл бағытта тиісті мекемелер тарапынан жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізілу керегін айтты, сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Еңбек – елдің ертеңі
«Руханият орталығында» аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек – елдің ертеңі» атты жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті.
Фестиваль аясында оқушылардың робототехника, қолөнер шеберлері мен жас кәсіпкерлер көрмесі және жұмысшы мамандықтардың шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Жастар өздерін қызықтыратын мамандықтармен жақын танысып, еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер туралы ақпарат алды. Соңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өз саласында үздік шыққан белсенді жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ардагерлер ән салды
Абайдың 180 және Жеңістің 80 жылдығы аясында «Жеңіске жетелеген әндер» атты ардагерлер арасында облыстық ән байқауы өтті. Байқауға 11 талапкер қатысты.
Байқау шарты бойынша талапкерлер бірінші кезеңде Абайдың әнін, екінші кезеңде соғыс жылдарындағы әндерден орындады.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін қазалылық Асқар Кенже-Әлі жеңіп алса, І орынды сырдариялық Жұмағазы Оразов, ІІ орынды шиелілік Саракүл Асанбаева, ІІІ орынды жалағаштық Рәш Отызбаева мен қызылордалық Рсалды Маутенова иеленді.
Мәдениет үйінің құрылысы
«Екпінді» ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 100 орындық мәдениет үйі салынуда.
Аудан әкімі Мәжит Самитов құрылыс басына барып, жұмыс барысын көрді. Ауыл тұрғындарының көптен күткен нысаны болғандықтан, сапасы ұдайы бақылауда болатынын ескертті.
Мәдениет үйі екі қабатты. Құрылыс биыл күзде аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Дайындаған
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





