Елді мекендердің таза әрі тұрғындардың өмір сүруіне жайлы болуы басшылықтың тұрақты назарында. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы аппарат қызметкерлері жүргізген күнделікті бақылау нәтижесіне тоқталып, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде жөнге келтіруді тапсырды.
– Аппарат қызметкерлері қала аумағындағы тазалық, құрылыс, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жүргізілетін аумақтарды күнделікті аралайды. Бүгін де менің тапсырмаммен таңертеңнен бері бақылап шықты. Кемшілік көп. Көпқабатты тұрғын үй аулаларының, ойын алаңдарының жағдайы сын көтермейді. Қала әкімі, жауапты орынбасарлары, бөлім басшылары тарапынан бақылау жоқ. Жұмыс өз деңгейінде сапалы жүргізілмейді.
Қаладағы кәсіпкерлік нысандардың аумағы, қасбеті мүлде бақылаусыз қалған. Мен мәжіліс сайын әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар аумағын қатаң бақылауда ұстап, жан-жағын тәртіпке келтіруді тапсырудамын. Серік Салауатұлы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, слайдта көрсетілген кемшіліктерді шұғыл 2 күн ішінде қалыпқа келтіріңіздер. Аудандардағы санитарлық тазалық жағдайы да сын көтермейді. Барлық елді мекеннің тазалығын қатаң бақылауға алып, көркейту-көгалдандыру, әктеу-сырлау жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізілетін жұмыстарды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
Облыс әкімі аппараты күнделікті бақылауды әрі қарай жалғастырып, анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша ұсыныс беретін болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<