Тазалық жұмыстары жалғасуда

340

0

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қаланың әр аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Оған 124 мекемеден 1910 адам атсалысты. Сквер-аллеялар, көпқабатты тұрғын үй аулалары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың аумағы мен көшелердің бойы тазартылып, қоқыс шығарылды. Оған 41 техника жұмылдырылды.

Тұрғындармен кездесті

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Аманөткел ауылдық округінде болып, жергілікті халықпен кездесті. Алдымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жаңадан бой көтеріп жатқан ауылдық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын көрді.

Құны 611 млн теңгені құрайтын 150 орындық нысанды «Жабдықтау» ЖШС салуда. Мәдениет ошағы жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады.

Кездесуде аудан әкімі өңірде атқарылған жұмыстарды баяндап, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жасалып жатқан нақты істерге тоқталды. Сондай-ақ ауызсу, жол, газ тарту, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы кешенді жұмыстарды да атап өтті.

Бала тәрбиесі – отбасы құндылығы

Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Тәрбиелі, білімді ұрпақ – жарқын болашақ» атты тақырыппен өткен жиынға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет төрағалық етті. Онда білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

– Қай заманда, қай қоғамда болсын, бала тәрбиесі отба­сындағы негізгі құндылық болып саналған. Әрине, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен. Алайда бүгінгі қоғамда мектеп – бала – ата-ана үштігі үйлесімді, тығыз жұмыс жасап, әр баланың тәрбиесімен тікелей айналысуы керек. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда бала тәрбиесінде ата-ананың да жауапкершілігін күшейту керек, – деді аудан әкімі.

Кеңейтілген мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов баяндама жасады.

«Өрт –2025» оқу-жаттығуы өтті

Аудан әкімінің орынбасары Айдын Әнуар орман-дала өртінің алдын алу және жою бойынша өткізілген республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға қатысты.

Қармақшы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ұйымдастырған шараға аудан әкімдігі, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, №10 өрт сөндіру бөлімі, полиция бөлімі, жедел жәрдем қызметі, сондай-ақ, ауылдық округтердегі ерікті өрт жасақшылары жұмылдырылды.

Аудан әкімінің орынбасары оқу-жаттығудың өткізілу барысын арнайы барып  көріп, өрт оқиғасы орын алған кезде оны жоюға жұмылдырылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдардың әзірлігін тексерді.

Жазғы демалысқа дайындық пысықталды

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте оқу жылының аяқталуы, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

– Әрбір бала демалыс уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуі тиіс. Сол үшін барлық жауапты сала басшылары берілген тапсырмаларға сәйкес нақты жұмыс атқаруы керек, – деді А. Ибраимов.

Мәжілісте «Ақтерек» сауықтыру лагерінің аумағында шыбын-шіркей және зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу, тәрбие мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудару, барлық үйірме мен спорттық секцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ тарихи-мәдени орындарға экскурсия ұйымдастыру тапсырылды.

Рейд жүргізілді

Аудан көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық­бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында рейд жүргізілді.

Профилактикалық шараға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге білім беру ұйымдарының өкілдері атсалысты. Іс-шара барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындары, саябақтар мен қоғамдық демалыс аймақтары тексерілді. Сонымен қатар, ата-аналар мен жасөспірімдерге құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Еркін форматтағы кездесу

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тұрғындармен еркін форматта кездесу өткізді.

Онда аяқсу, көше жарығы, көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттігі жайлы, кейбір шағын аудандарға қосымша балалар алаңқайын, кей мектептерге бала санының көбеюіне байланысты қосымша ғимарат салу және тағы да басқа әлеуметтік мәселелер туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Тұрғындар көтерген мәселелер назарға алынып, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Спорт кешенінің құрылысы қарқынды

Аудан әкімі Мажит Самитов «Келінтөбе» ауылдық округінде салынып жатқан спорт кешеніне барды. Нысанның құрылысы

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

«Алтын Айдарлы» ЖШС кешеннің сыртқы панельдерін монтаждап, қабырғаларын қалауда. Спорт кешені биыл қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

«Сыр бойы»