Тазалыққа тұрақты бақылау қажет

355

0

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың, сондай-ақ магистральдық теміржол бойында орналасқан нысандардың санитарлық тазалық мәселесі талқыланды. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов төрағалық етті.

Оған «ҚазАвтоЖол» және «Қазақстан темір жолы» АҚ облыстық филиал басшылары, селекторлық байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Мархабат Жайымбетұлы санитарлық тазалық мәселесі аймақ басшысының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

– Бүгінгі күні «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі, теміржол бойында орналасқан халық пайдаланатын объектілердің санитарлық тазалық мәселесі өзекті болуда. Бұл бойынша облыс әкімі тарапынан бірқатар сыни ескертпелер айтылды.

Өздеріңіз білесіздер, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы – Еуропа елдерінен Қытайға баратын оңтайлы және ірі көлік дәлізі. Қазіргі таңда, осы жол арқылы тәулігіне 10 мыңнан аса автокөлік қатынайды. Сонымен қатар, облыс аумағынан өтетін магистральдық теміржол желісі арқылы айына 500-ге жуық жолаушылар пойызы өтеді. Сондықтан, бірінші кезекте осы жол бойында орналасқан және халық тұтынатын нысандар, көлік инфрақұрылымдары күнделікті тазалықты қажет етеді, – деді М.Жайымбетов.

Жиын барысында «ҚазАвтоЖол» және «Қазақстан теміржолы» АҚ облыстық филиал басшылары мен қала, аудан әкімдері жүргізілген жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта аймақ басшысының сын-ескертпелері жойылатынын жеткізді.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы, аудан және Қызылорда қаласы әкімдіктеріне тиісті аумақтағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың бойында орналасқан жалпы пайдаланымдағы нысандар мен көлік объектілерінің санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етуді тапсырды. «Қазақстан теміржолы» АҚ облыстық филиалы басшыларына магистральді теміржол желісі бойы, теміржол станциялары мен вокзалдарды және олардың аумақтарының санитарлық тазалығын тұрақты негізде қамтамасыз етуі керектігін айтты. вокзал кешеніндегі сауда орындары, перрондар, демалыс алаңдары, қоқыс жәшіктерін күнделікті тазалауды және вокзал ғимараттары мен сауда орындарының сыртқы келбеттерін ретке келтіруді жүктеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<