Тазы мен төбетті қалай көбейтеміз?

67

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде кезінде тазы мен төбет өсіріп, саятшылық өнерді дәріптеген азаматтар аз болған жоқ. Өкініштісі, қазір олардың қатары кеміп кетті. Кезінде екі үйдің бірінде кездесетін тазы мен төбет бүгінде көзге ілуде бір ұшырасады. Олар неге кеміп кетті? Өңірде аталған ит тұқымдарын сақтау жолы қандай?

1939 жылғы есеп бойынша елімізде шамамен 7 000 тазы болған. Араға 26 жыл салып, яғни 1965 жылы оның саны артып, 10 мыңға жеткен. Өкінішке қарай, 1983 жылға дейін тазының 70%-ы жойылып, тек 3 мыңы қалған. 2014 жылы тұқым-тегі тазыға ұқсас ит саны 1 мың болды. Оның ішінде асылтұқымдысы 300-ді шамалайды.

Қазақстан кинологтар одағының мәліметінше, Қазақстанда қазір 3000-3500 тазы бар. «Бірақ бұл – құжаты бар, тіркелген иттердің нақты саны. Ал ауыл-ауылда ешқандай паспорт алмаған қаншама тазы бар» дейді мамандар. Одақ төрағасы Бауыржан Серікқали қазір жер-жердегі тазы атаулы саналып жатқанын, осы жұмыстың нәтижесінде асылтұқымды иттің саны 2-3 есе өсетінін айтқан еді.

Кейінгі жылдары тазы мен төбет тұқымын көбейту бағытында нәтижелі істер атқарылды. Жақында Халықаралық кинология федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын (Kazakh Tazy) ресми түрде ит тұқымы деп алдын ала тану жөнінде шешім қабылдады, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді. ҚР Президенті Іс басқармасының баспасөз қызметі бұл шешім қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық тану, яғни мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең екенін атап өтті.

Бұл – тұқымның стандартына, оның дамуы мен әлемдік аренада сақталуына біздің ел жауапты деген сөз. FCI Қазақстанға соңғы тұқым стандарттарын әзірлеуге және бекітуге 10 жыл уақыт берді. Бұл уақыт ішінде белсенді жұмыс істеуіміз керек. Енді бізден тұқымы расталған кем дегенде мың иттің популяциясын қалыптастыру талап етіледі. Бұл жеңіл шаруа емес. Талай ит жеке қолда. Сондықтан халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, иттерге арналған арнайы орындар салып, көрмелер мен жарыстарды жиі ұйымдастырып отыру керек.

Сондай-ақ былтыр елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Заң жобасының нормаларын іске асыруға 1,4 млрд теңге жұмсалмақ. Осының нәтижесінде иттердің генетикалық сапасын ғылыми бағалау, селекциялық сараптама жасау, жинақтау арқылы қажетті ғылыми база құруға жол ашылды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін екі үйдің бірінде тазы мен төбет алдымыздан шығатын. Қашаннан саятшылыққа жаны құмар ағайын тазысын ертіп, жылқысын жаратып, аң аулауға аттанатын еді. Ал төбет негізінен мал шаруашылығымен айналысқан шаруа адамының жансерігі болды. Одан беріде жайылым төсі толған төрт түлік те азайды. Тазы мен төбетті де іздейтін жағдайға түстік. Тіпті олардың тұқымын сақтау мәселесі де таразыға тартылды. Тоқсаныншы жылдардан бері екінің бірі шетелден шыққан тегі белгісіз ит тұқымын алып келуге әуес болды.

– Жалпы, шетелдік иттерді Қазақстанға кіргізу мәселесін ойлану қажет. Өйткені, одан қандай зиян болатынын аңғару қиын емес. Қазір көшеге шықсаңыз, олардың түр-түрін көруге болады. Тұқымын ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Бұл таза қанды тазы мен төбет тұқымын сақтап қалуға да кері әсерін тигізеді деген ойдамын. Тегіміз бір түркімен халқы алабай тұқымын сақтап қалу ісін ертерек қолға алды. Өкініштісі, біз қаншама уақытты құр жіберіп алдық. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді қазақ. Ендігі кезекте кеткен қателікті түзеуге күш салайық. Жаңа заң сол олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді деген ойдамын. Сондай-ақ біз шетелден келетін ит тұқымын ұдайы бақылау мақсатында карантиндік бекет ұйымдастыруымыз қажет. Шетелдің көбісінде солай жасалған. Тіпті бірқатарында кейбір ит түрлеріне тыйым салынған. Мәселен, Швеция, Дания, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланд, Бельгия, Швейцария, Жаңа Зеландия мен Латвияда осындай талаптар қойылған. Ендігі кезекте қолға алынатын әрбір жұмыстың орындалуына тиянақты болуымыз қажет. Ешқандай олқылыққа жол беруге болмайды. Әсіресе, тазы мен төбет тұқымы мұқият зерттелсе деген ұсынысым бар. Оған ғалымдар тарапынан сараптама жасалғаны артықтық етпейді. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бұл науқандық шара емес екенін ұмытпайық. Қазақ халқының ерте кезден бергі өмірінде орнын ойып алатын ұлттық құндылықтарды лайықты бағалай білейік, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров.

Тазы қазақ даласына сақ заманында келген деген аңыз бар. Ол шамамен 2000-2500 жыл бұрынғы кезеңді қамтиды. Тасқа қашалған кейбір петроглифтерде тазыға ұқсас аңшы иттері бейнеленген. Ал тақыр жүнді тазылар осыдан бес-алты мың жыл бұрын перғауындар заманында өмір сүрген деген дерек айтылады. Қазақ жерінде құмай, қайыңқаптал, ауған, орыс, түрікмен деген түрлері ұшырасқан. Қазақы тазыны тау және дала тазысы деп бөлген.

Тазы мен төбетті қазақ халқының ұлттық бренді ретінде қалыптастыру – маңызды міндет. Рас, елдің ішінде ұлттық дәстүрге жанашырлық танытып жүрген азаматтар баршылық. Оншақты жылдай бұрын Шиелі ауданында «Қар үстіндегі қансонар» деген атаумен саятшылық өнерге арналған ауқымды шара өткізді. Игі істің басы-қасында жүрген белгілі айтыс ақыны Кенжебай Жүсіповтің айтуынша, оған тазы мен төбетін ертіп келген тұрғындар саны аз болмаған.

– Былтыр тазы мен төбет тұқымын сақтауға бағытталған жаңа заң қабылданғанын естіп, қуанып қалдық. Биыл Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім шығарғанын естіп жатырмыз. Бұл ұлттық құндылықты кең ауқымда дәріптеуге жол ашады деген ойдамын. Қайсыбір жылдары біздің Шиелі ауданының өзінде қазақы тазы өсіруге ниет білдірген тұрғындардың саны өсті. Олардың қатарында өзім де болдым. Біздің ауылдың өзінде тазы өсіргендер саны 30-ға дейін жетті. Қазір мұндай азаматтардың саны төрт-бесеуден аспайды. Себебі, көбісі тазының бабын жасаудың сырын білмейді. Өте нәзік болғаннан кейін оған арнайы қамқорлық жасауың керек. Сыр өңірінде бұған қатысты кеңес беретін орталықтар мүлдем жоқ. Ендігі кезекте осы олқылықтың орнын толтыруға көңіл бөлінсе деймін. Мемлекет тарапынан еліміздің барлық аймағында арнайы орталықтар жұмыс жасаса құба-құп. Қазір тазы мен төбеттің жайын білетін көнекөз қариялар азайып кетті. Ұлттық құндылықты дәріптеуге ендігі кезекте мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар, – деді Кенжебай Жүсіпов.

Айта кетерлігі, жаңа заңда тазы мен төбет тұқымын сақтау және өсімін молайту бағытында құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздер белгіленді. Осы мақсатта негізгі қағидаттар қарастырылған. Оған жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалып, олардың құзыреті анықталды. Қазақ халқы итті жеті қазынаның бірі ретінде бағалады. «Ит жақсысы – тазы» деген түсінік осындай рәуіште айтылса керек-ті. Сондай-ақ ескіден келе жатқан «Таудағы түлкіні табындағы тазы алар» деген тәмсіл бар. Сондықтан ұлттық құндылықты лайықты бағалай білуіміз тиіс.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<