Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ҚР Ұлттық Банкінің Қызылорда филиалында банк филиалдарының басшыларымен, ұжым мүшелерімен, сала қызметкерлерімен және қаржыгерлермен кездесіп, оларды Ұлттық валюта күнімен құттықтады.
Аймақ басшысы кездесу алдында коллекциялық монеталар көрмесімен танысты. Филиал директоры Әсет Мұстафин облыс әкіміне еліміздің айтулы даталарына арналған, сондай-ақ «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясы бойынша шығарылған монеталарды таныстырды. Бұл монеталарды қазіргі кезде мемлекеттегі тарихи оқиғаларды, мәдени ескерткіштерді, көрнекті қайраткерлерді есте қалдыру, мерейтойлық күндерді, мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерді атап өту үшін пайдаланады. Қазақстандық коллекциялық монеталар халықаралық стандартқа сай шығарылуда. Сонымен қатар әлемдік катологтарға енгізілген және нумизматикалық құндылықтарға ие. Тағы бір атап өтерлігі, күміс пен танталды қосу – өте күрделі технология. Әлемде санаулы елдердің монета сарайлары ғана оны игерген. Қазақстан сол мемлекеттер қатарынан орын алады. Жалпы алғанда коллекциялық монеталар 27 номинация бойынша шығарылуда.
Облыс әкімі салтанатты жиынға қатысушыларды Ұлттық валюта күнімен және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінде еліміздің өз қаржы қоры мен валюталық сақтық қорлары мүлде болмады. Өз бетімізше қаржы-несиелік саясатын жүзеге асыруға да мүмкіндік жоқ кезең еді. тура 26 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өз валютамыз – төл Теңгемізді енгізу сол кезеңдегі экономикалық қиындықтарға төтеп беруге және егемендігімізді нық қалыптастыруға мүмкіндік берді, – деді аймақ басшысы.
Одан әрі теңгені шығару тарихына тоқталып өтті. Оның алты күн ішінде халыққа жеткізілгеніне осы жиынға қатысушы аға ұрпақ және орта буын өкілдері куә. Ақшаны шет елде бастыру қымбатқа түсетін болғандықтан, қағаз банкнотты Алматыда, монеталарды Өскеменде шығару жолға қойылған еді. Теңге дизайнымен, сапасымен және қорғау белгілерімен ерекшеленеді. Халықаралық көрмелерде үш рет бірінші орынды жеңіп алған.
– Бүгінгі таңда Қазақстанның банк секторы жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде бүкіл посткеңестік кеңістікте алдыңғы қатарда тұр деуге болады. Сондай-ақ, ТМД елдерінің ішіндегі ең жақсы төлем жүйесінің бірін құрғанымызды да айта кеткен жөн. Бұл – тек сіздердің ғана емес, барша қазақстандықтардың мерекесі. Сондықтан да бүгін жұмыс күнін өздеріңізбен кездесуден бастадым, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара соңында аймақ басшысы сала өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Ыдырыс Тәжіұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<