Тегі мен тілі, жүрегі мен тілегі бір

674

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке ресми сапары барысында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын  қолдайтынын айтты.

– Тәуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стартегиялық серіктестік және одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекетіміздің басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және  электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.

Қазақстан Президенті өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды. Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды. Қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Қазақстан мен Қырғызстанның президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. 

– Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор  жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент шетел инвесторларының мүддесін қорғау ісі жалғасатынын, бұл жұмыс қазақ компанияларының Қырғызстанға инвестиция салуына оң ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 300 миллион доллар.   Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді келесі маңызды бағыт ретінде атады.

– Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 5 маусымда елімізде өтетін конституциямызға өзгерістер енгізуге арналған жалпыхалықтық референдумды өте маңызды әрі тарихи іс-шара ретінде бағалап, қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін ерекше атап өтті.  Бұл реформамен демократияландыру үрдісі аяқталмайтынын, алдымызда ұзақ жол бар екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапары аясында Садыр Жапаровпен бірге «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық экономикалық интеграция. Инвестициялық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына онлайн-форматта қатысты.

Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларымен қатар жиынға Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Беларусь Премьер-министрі Александр Головченко мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович бейнебайланыс режимінде қатысты. Бұл іс-шараны Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті Александр Шохин жүргізді.

Іс-шараға қатысушылар интеграцияны одан әрі дамытудың, Еуразиялық экономикалық одақ аясында энергетика, өнеркәсіп, көлік, қаржы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективаларына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін ЕЭО кеңістігіндегі өзара сауда-саттықты арттырудың перспективаларына және Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын жетілдіруге арнады.  Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық бірігу үдерісіне қатысушы мемлекеттер арасындағы еркін сауданы дамыту мақсатында тиісті жағдай жасау үшін құрылғанын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі жөнінде де айтты. Оның пікірінше, комиссия табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан еуразиялық интеграцияның іскерлік әрі прагматикалық негізде дамығанын жақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қырғызстан астанасындағы «Театр» гүлзарының орталық аллеясына қойылған Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. 

Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы игі бастамаға қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа зор ризашылығын білдіріп, бұл қадам Алатаудың бөктерін қатар жайлаған екі елдің бауырластығын бекемдей түсетінін айтты.

– Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мәнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Әйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уәлиханов екенін еске салғым келеді. «Манас» жырының тағдыры тартысқа түскен кезде оған Мұхтар Әуезов араша түскенін білеміз, – деді Қазақстан Президенті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев осының бәрін бір-бірімізге деген жанашырлық пен тілектестіктің көрінісі деп атап өтіп, екі елдің бауырластығы мен достығы ешқашан мызғымайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ қырғыз халқына бақ-береке тіледі.

Садыр Жапаров сөйлеген сөзінде осы күнді қырғыз-қазақ үшін маңызды күн деп атап өтті.

– Философ, гуманист тұлға, қазақтың ұлы ақыны Абайға Бішкек қаласында қойылған ескерткіштің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Екі елге ортақ тұлғаға дипломатиямыздың 30 жылдығы қарсаңында құрмет көрсетіліп отырғаны – ерекше оқиға. Жазда жайлауы, қыста қыстауы қоңсы қонған екі халықтың рухани әлемінің жақындығын Абай мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар мен Шыңғыстың мұралары көрсетіп келеді. Абайдың 175 жылдығы кезінде Ұлттық кітапханадан арнайы мәдени бұрыш ашылғанын да еске салғым келеді. Біздің бауырлас қазақ халқымен достығымыз барлық салада дами беретініне сенемін, – деді Қырғызстан Президенті. 

Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жасаған ресми сапарының бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың Бішкекте Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсіміне қатысуымен аяқталды.

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев екі мемлекеттің басшыларына университет аудиторияларын көрсете жүріп, оқу ордасының білім беру және ғылыми жобалары, соның ішінде қырғыз студенттері үшін грант бөлу жоспары туралы айтты.

Университетті аралап көру барысында президенттер жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамымен және ҚазҰУ-дың  қырғызстандық түлектерімен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңбасын қалдырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<