Жасыратыны жоқ, елімізде, оның ішінде өңірімізде де тегін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж жандар жетерлік. Әйтсе де, сол тегін дәрі-дәрмек кімге және қалай беріледі? Алдымен осының аражігін ашып алсақ.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың тізбесі бекітілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар. Екіншісі, ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар. Үшіншісі, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған амбулаториялық деңгейде МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттар мен бұйымдар.
Мәселен, Қазақстан Республикасының азаматы қандай да бір ауруға шалдыққан жағдайда, бірден өзі тіркелген емханаға қаралады. Тиісті анализдер тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Сонан кейін емдеуші дәрігер науқасқа дәрілік рецепт жазып береді. Алайда, науқасқа, жоғарыда аталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер ғана тегін беріледі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының мәліметінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар 35 ауру түрі бойынша барлық диспансерлік есепте тұратын науқастарға (279 дәрілік зат және 8 атаулы медициналық бұйым) тегін беріледі. Оларға қан айналым жүйесінің, тыныс алу, ас қорыту, қан, қан ұю ағзаларының аурулары және иммундық механизмді тартатын жекелеген бұзылулар, эндокриндік жүйе аурулары, психикалық бұзылулар, нерв жүйесі, онкологиялық, тағы басқа бірқатар аурулар жатады.
Ал МӘМС жүйесінде барлығы 105 ауру түрі бойынша 338 дәрілік зат пен 20 медициналық бұйым енгізілген.
Мәселен, қаладағы ірі медициналық мекеменің бірі – № 3 емхана 65 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Емхананың жалпы тәжірибелік аймақтық дәрігері Әйгерім Абдраманованың айтуынша, мұнда 8500-ге жуық науқас диспансерлік есепте тұрады.
– Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген «тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде диспансерлік есепте тұратын науқастарға, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті секілді аурулар бойынша тегін дәрілер берілуде. Сонымен бірге МӘМС арқылы да ересектер мен балалардағы жоғарғы тыныс жолының қабынуы, пневмония, анемия секілді бірқатар ауруларға тегін дәрілер қарастырылған, – дейді ол.
Ал қаладағы № 1 емхана 40 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Мұнда 9 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұрады.
Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы № 666 бұйрығына сәйкес 135 ауру түріне тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған. Мысалы, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, артериялық гипертензия диагноздарымен есепте тұратын науқастар дәрігердің нұсқауы бойынша ай сайын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіліп отырады.
Биыл шілде айының аяғында Covid-19 пандемиясына байланысты қосымша тегін дәрі-дәрмектер қарастырылып тізімге қосылды, – дейді емхана бас дәрігері Рахима Аяғанқызы.
Қазіргідей дәрі бағасы шарықтаған уақытта емханалар тарапынан берілетін тегін дәрілер талай жанға әжептәуір көмек. Мәселен, №3 емхананың қызмет алушысы, қала тұрғыны Қарлығаш Жолболсынова – созылмалы ауруына байланысты тегін дәріні тұрақты түрде алып келетіндердің бірі.
– Емханадан тегін дәрілер алып отырамын. Бұл – мемлекеттің жеңілдігі. Сол үшін алғысымды жеткізгім келеді,– дейді ол.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<