Техникалық байқау талаптары қандай?

828

0

Облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және бизнестегі заң бұзушылықтардың алдын алу жөнінде кездесу өтті. Онда көпшілікке техникалық қарап-тексеру операторларының қызметі, полиция, кеден және өзге де тиісті салалар бойынша заң талаптары түсіндірілді.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Пірмұхамед Сыздықов аталған мәселенің өзекті тақырып екенін атап өтті. Қызылорда көлік прокуроры Еркебұлан Лесбеков бұған байланысты жиынға қатысқан әрбір азаматтың пікір білдіруі маңызды екеніне тоқталды.

Кәсіпкерлік саласындағы құқық бұзушылықтар және олардың құқығын қорғау бағытында тиісті іс-шаралар атқаралып келеді. Осы орайда Қызылорда көлік прокурорының орынбасары Бақытжан Бұқарбаевтың айтуынша, облыс көлемінде 29 техникалық байқау орталығы тізімге енгізілген.

Былтыр бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы талдау жүргізіліп, нәтижесінде 26 техникалық байқау орталығы тарапынан заң талабы өрескел бұзылғандығы анықталған. Атап айтқанда, байқаудан өткен автокөлік құралдары роликтік тежеуіш стенд үстінде мүлдем жоқ. Байқаудан өткізу барысында автокөліктің орнына басқасы өткізілген. Сондай-ақ, бірдей суретпен техникалық байқаудан өткізілуі тіркелген. Өзге де келеңсіздік жағдайлары болған.

Мұндай заң бұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік кодекстің 616-бабы негізінде оған жол берген азаматтарға айыппұл салынған. Мұндай келеңсіздікті қайталап жасаған жағдайда техникалық қарап-тексеру операторлары тізімінен алынып тасталатыны жөнінде түсіндірілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нәжмадин Шамұратов, әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Еркебұлан Ысқақов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім басшысы Ұлан Шермағанбетов аталған тақырыпқа байланысты ой-пікірін білдірді. Тиісті заң талаптары жөнінде түсіндірме жасады.

«СБ» ақпарат