Тексеру комиссияларының қызметі жетілдіріледі

441

0

Кеше республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың қатысуымен «Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» тақырыбында семинар және комитеттің үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған Есеп комитетінің қызметкерлері мен аймақтардың тексеру комиссияларының басшылары қатысты. 

Кеңес отырысын ашқан Н.Году­нова аймақтардың тексеру комиссиялары Тәуелсіз Қазақстанның жергілікті басқару саласында мемлекеттік сыртқы аудитті жүзеге асыратын бірден-бір органға айналғанын айтты. Осы уақыт ішінде аса маңызды институт ретінде қалыптасты. 2011 жылы Президент Жарлығымен респуб­лика көлемінде құрылған тексеру комиссиялары өміршеңдігін дәлелдеді. Мамандар жауапты қызметті абыройлы атқаруда. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік аудиттің бюджет қаржысын ел игілігіне пайдалану мен жетілдірілуде маңызы зор саналады. Өңірлердегі жергілікті бюджеттің атқарылуын, аумақтарды дамыту және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын, бюджет кіріс­терінің толық және уақытылы түсуін бағалаудағы тексеру комиссия­ларының табанды қызметі ел игілігі үшін аса маңызды екені сөзсіз.

Комитет төрағасы тексеру комиссиялары қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып, жергілікті бюджет қаражатын және мемлекеттің активтерін  тиімді пайдалануға, жергілікті бюджет кірістерін арттыруға үлкен үлес қосып жатқанын жеткізді.

– Аймақтарда өткізілген кеңес отырыстарының екі жаққа да пайдасы зор. Жергілікті мамандар пікірлер алмасуға қатысып, өзгеріс­тер туралы кеңірек біліп, тәжірибе жинақтаса, комитет өкілдері жергілікті жерлердегі проблемалардан хабардар болады, – деді ол.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта аймақтардағы тексеру комиссияларын бір орталыққа біріктіру нұсқасын ойластырып көру жөнінде тапсырма берген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  ұлықтау рәсімінде алдағы уақытта аса мән беретін он басым бағытты атағаны белгілі. Бұлардың барлығы да тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға бағытталған. Мемлекет бұл мақсаттарға қаржы бөлуде.

– Тексеру комиссияларының міндеті – мақсатты қаржылардың тиімді жұмсалуын қадағалау. Ол үшін жергілікті билік өз аумағында жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық және аймақтық бағдарламаларға қатысты объективті ақпараттарды ұсынуы керек, – деді комитет төрағасы.

Ақшаны жұмсау үшін емес, белгілі мақсаттарға жету үшін табады. Соңғы уақытта бюджет қаржысын жұмсауға қатысты тиімсіз жоспарлау фактілері жиі ұшырасуда. Заңда тиімсіз жоспарлауға, қаржыны тиімсіз пайдалануға қатысты жазалар қаралмаған. Сондықтан да жауапкершілік төмендеп кеткен. Осыған байланысты «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға, «Әкімшілік құқық бұзушылық» кодексіне өзгерістер ұсынылатын болады. Осындай жаңалықтарды жеткізген Н.Годунова Есеп комитеті Тексеру комиссияларының ролін күшейту мақсатында олардың мәртебесін көтеру және  тәуелсіз болуы үшін жұмыс жүргізіп жатқанынан хабардар етті.

Қатысушылар аудиторлардың біліктілігін көтеру, шет тілін үйретіп, оларға халықаралық сертификат беру мәселесі күн тәртібіне қойылып отырғаны туралы естіп білді. Мамандардың біліктілігін көтеру мақсатында облыстық бюджеттерден қаржы бөлу қарас­тырылады. Бұл шаралар аудит кадрлардың тұрақтауына, олардың жалақысы өсіп, коррупциялық тәуе­келдерді азайтуға және ең бас­тысы сапалы аудит жүргізілуіне тікелей әсер ететін болады.

Мұнан соң кеңес отырысының күн тәртібіне сай Қызылорда және Жамбыл облыстық тексеру комиссияларының есебі тыңдалды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<