Тектілік асыл қасиет

2789

0

         Бала кезден үлкендерден тектілік туралы көп естідік. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады. Тектілік атаның қанымен, ананың сүтімен бойыңа дарып, сүйекке біткен асыл қасиет. Кезінде Құнанбай мен Алшынбай уағдаласып Абайға Ділданы айттырды. Неге? Себебі тегіне қарады. Тарихта мұндай мысалдар жетіп артылады.  Яғни қазақ дәстүрі арзан сезімге бой алдырып, шалыс басудан сақтаған. Дүниеге текті, ақыл-ойы зерек, дені сау ұрпақ әкелуді мақсат етті. Саналы, сапалы, салиқалы ұрпақ ұлт болашағы. Текті ұл мен текті қыздан  елінің қамын ойлайтын отаншыл перзент шығады. Ерін сыйлайтын, пайым парасатымен, бір әулетті ұршықтай иіріп отыратын келін шығады. Ұл, қызымның анасы, алланың маған берген аманаты деп жарын сыйлайтын азамат шығады. Кез келген ата-ана үшін тектінің тұяғы ғой тәрбие көрген бала дегеннен артық бақыт жоқ. Хәм тексіз, жүгенсіз дегеннен артық қорлық жоқ. Қазақ танымында аса құдіретті өте қадірлі тектілік дейтін ұғым бар. Тектілік – ол адамға тән кісілік құндылық. Ол дегеніміз – ата-баба әруағын ардақтай білу, ата-ананың борышын ақтауға жан-тәнімен берілу, ағаны арқа тұта сыйлау, ініге ілтипат, қыз баланы құрметтеу.

         Текті адам-барынша қарапайым, жүзі жылы мейірімді, сыпайы, әдепті, инабатты, биязы мінезді, кешірімшіл, үлгілі, өнегелі адам. Тектілердің ата-бабалары да құрметке ие болғандар. Тектілік кездейсоқ қалыптаспайды.Текті адамға ата-бабасының жақсы қасиеттері, парасаттылық үлгісі, ділі, дүниетанымы рухани сабақтастықпен беріледі. Бұл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа ділде сақталып жалғаса береді. Сондықтан отбасын құруды ниет етіп жүрген жастар сезімнің ғана емес жүрек пен сананың соңынан ерсе ол ұлт болашағы кемел болар еді.

         Тексіздер-пендешіліктің, нәсіпқұмарлықтың теріс жолдардың сан түрлі шырмауына шырмалып, салт-дәстүрді сыйламайды, айтқан сөзіне берік емес, біреуге жалтақтап, жарамсақтануды зор мәртебе санайды. Намыстан жұрдай болып, өз мәртебесін көтеру мақсатында әлеумет алдында ұлылар санатына қосылуға әрекетін аямайды, болмашы жетістігі болса, зорайта көрсетуге күш салады. Бұл әрине, жасанды тектілік. Мұндай әрекеттермен нағыз шынайы тектілік қалыптаспайды.

         Текті-де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше классикалық биік-деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры — ұлттың тағдыры. Ата қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді, т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», — дейді.

Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақпас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады. (Майқы би)
Пайымдалған асыл сөздердің астарында терең ой, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілімге даналық көзқарас жатыр. Бұдан қан арқылы берілетін қасиетті еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес екені анықтала түседі. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер-де дәлел бола алады.

         Тектілік-қазақтың теңдесі жоқ даналық мектебі. Тектілік қасиет — қазақтың қасиеті. Тектінің тұяғы — қазақтың тұяғы. Тектіліктарихы — қазақтыңтарихы.

Назерке Жақсығұлова,
Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледж оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<