Телеарналардың өрісті қызметі

707

0

Ақпараттың сәт сайын жаңарып отыратын кезеңінде жылдам хабар таратуда телеарналардың орны ерекше. Әсіресе, қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде ақпарат таратуды екі есеге күшейткен «QYZYLORDA» және «QOGAM» телеарналары халыққа шынайы деректерді жеткізе білді. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қос телеарнаға барып, редакцияның шығармашылық ұжымымен кездесті.

Алдымен өңір басшысы «QYZYLORDA» арнасының мате­риалдық-техникалық базасымен танысты. «Жаңалықтар» қыз­метінің ақпараттық-студиялық блогы, виртуалды студия мен түсіру повильонының жұмысын көрді.

Телеарна директоры Жағыппар Қарабала ақпараттық саясатты қалыптастыру ісіндегі телеарнаның үлесі мен журналистер арасындағы сабақтастықты ерекше атап өтті. Сонымен бірге облыс әкімі телевизия саласының ардагерлері, журналистер және эфир тізгіншілерімен пікірлесіп, ақпараттық контентті әрі қарай ілгерілету жолдарын сөз етті.

Телестудия алаңына келген облыс әкімі жаңа форматтағы «11 студия» бағдарламасының қонағы болып, Сыр халқын алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Сұхбатта қасіретті қаңтар оқиғасы, егінге дайындық барысы, Сырдария өзені суының жағдайы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвес­тициялық жобалар мен кәсіпкерлік мәселелері қозғалды.

Мұнан кейін аймақ басшысы «QOGAM» телеарнасына барып, ұжыммен кездесті.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде облыстық сот ғимаратында орын алған өрт телеарнаға да залалын келтіріп, бірнеше кабинеттер мен шағын студияны да от шарпыған. Қазір телеарна жұмысын қайта қалыпқа келтіріп, хабар таратуды жалғастыруда.

Телеарна құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов сандық хабар тарату форматына көшіру мәселелері мен жас журналис­тердің тәжірибесін толықтыру сынды ойын ортаға салды.

Облыс әкімі телередакция ұжымына шығармашылық табыс тілеп, мемлекеттік саясатты ақпараттандыру, өңірдегі өркенді істерді тұрғындарға жеткізу ісінде табандылық танытып жүрген БАҚ өкілдеріне шынайы алғысын жеткізді. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<