Қазақстанда аналогтық телевизияның орнын цифрлық телевизия басуда. Яғни, Қазақстан тұрғындары біртіндеп телехабар таратудың әлемдік деңгейіне көшуде. Цифрлық эфирлік телехабар тарату аналогтық телевизияға қарағанда көптеген артықшылықтарға ие.
Негізгі жақсартулар ретінде оңай қосылуды, қолжетімді телеарналар санының артуын, кескіннің ақаусыз көрсетіліп, абоненттік төлемнің болмауын айта аламыз.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 86 проценттен астамы цифрлық телехабар таратуға қол жеткізе алады. Мысалы, бұрын Түркістан облысының шалғайдағы ауыл тұрғындары 1-2 ғана қазақстандық телеарнаны көре алса, ал кейде тіпті Өзбекстан ТВ сигналын қабылдаса, қазір оларға шамамен 15 телеарна қолжетімді.
Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі бойынша елімізде екі мультиплекс жұмыс істеп тұр. Қазақстанның барлық елді мекендерінде көруге болатын бірінші мультиплекске «QAZAQSTAN», «Хабар», «Хабар24», «BALAPAN», «EL ARNA», «QAZSPORT», «Kazakh TV», «Первый канал Евразия» сияқты еліміздің ірі телеарналары және бір өңірлік телеарнаны қосқанда 15 шақты телеарна хабар таратуда. Ал екінші мультиплекс барлық облыс орталықтары және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында іске қосылған, оның құрамында қазақстандық коммерциялық арналар бар.
Бұл ретте, цифрлық телехабар таратуға толық көшкеннен кейін, белгіленген тарифтер бойынша шарт негізінде елдің кез келген телеарнасы мультиплекске ене алады. Бұл шарттар ҚР «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңның 42-бап, 4-тармағында келісілгендей, комиссияның ұсынымы бойынша телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы еркін қолжетімді телерадио арналарының тізбесін қалыптастырады. Іріктеу конкурс негізінде жүзеге асырылады және оның тәртібін уәкілетті орган айқындайды, яғни, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еркін қолжетімді теле-радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс жариялап, бұл туралы ақпарат https://tsetv.kz/ сайтына шығады. Келесі кезең – конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды анықтау бойынша ұсыныстар енгізу. Оны Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Одан кейін Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі бұйрығымен бекітілген телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларына сәйкес байқау өткізіледі.
Мультиплекстің әлеуетті мүшелерінің өтінімдерін қараған кезде комиссия мүшелері не нәрсеге назар аударады? Үміткер ұсынған шығармашылық өтінімде теле-радиоарнаның хабар тарату кестесі, тақырыптық бағыттылығы мен жанрлық арақатынасы сипатталады. Бұл ақпараттық, сараптамалық, публицистикалық, жастар мен балалар, музыкалық бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар болуы мүмкін. Хабар таратудың тілдік қатынасына, бағдарламаларды мемлекеттік тілде трансляциялау уақытына ерекше назар аударылады, сондай-ақ, жеке бағдарламалар мен сатып алынған контенттің санын көрсетеді. Сонымен қатар, үміткер арна төлем жасау қабілеттілігін және сапалы мазмұнды тұрақты негізде шығару мүмкіндігін дәлелдеуі керек. Мультиплекстерде хабар тарату үшін телеарналар ай сайын жалдау ақысын төлейді, есесіне өз сигналын нақты сапада әрі еліміздің едәуір аумағында трансляциялауға мүмкіндік алады.
«Казтелерадио» АҚ
облыстық филиалы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<