Темір жол вокзалы жаңаруда

624

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалына барып, ондағы қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.

Вокзал ғимараттары мен аумағын күрделі жөндеу үшін «Қазақ Жоба Құрылыс» ЖШС-нің демеушілігі есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленді.

Сәуір айында Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ бірлесіп, Қызылорда теміржол вокзалы ғимаратын коммуналдық меншікке беру бойынша жол картасы бекітілді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы ұлттық компанияға вокзал ғимаратын күрделі жөндеудің жоба-сметалық құжаттарын табыстады.

Қазір «Интегрострой» ЖШС 1905 жылы салынған бір қабатты ескі ғимараттың сыртын қайта жаңғыртуда. «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ күрделі жөндеу жұмыстарына шілде айында конкурс жариялады.

Мердігер мекеме «Берсугир» ЖШС вокзалдың әкімшілік ғимаратына жөндеу жұмыстарын бастады. Қызылорда қаласының әкімдігі екінші перронға және автотұраққа жалпы көлемі 3 700 шаршы метр асфальт төседі. Сонымен қатар, 1 500 шаршы метр аумаққа құм аралас тас төсеп, асфальттауға дайындық жұмыстары жүргізілді.

Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін қатаң ескертті.

Айта кетейік, Қызылорда облысынан өтетін магистральды теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 шақырым. Аймақта 8 теміржол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Облыс аумағынан барлығы 16 жұп жолаушы пойызы өтеді. Оның ішінде Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған. №6843/6844 «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытындағы 26 елді мекенді көлік қызметімен қамтиды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Темір жол вокзалы жаңаруда
Темір жол вокзалы жаңаруда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<