Шиелі кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір мәселесі көп жылдан бері шешілмеген еді. Орайлы істің сәті биыл келген сыңайлы. Маусым айының басынан бастап құрылысты «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС қолға алды. Құны 64 млн теңгеге бағаланған нысан «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде салынуда.
Көлік кептелісінен теміржолдан өте алмай, еріксіз іркілгендер біршама уақытын осында жоғалтады. Көпір осы ыңғайсыздықты жойып, теміржолдың екі бетіне көлік қатынасын жеңілдетеді.
– Негізгі жұмыстар бітуге таяу. Көпірдің ұзындығы 76 метр болса, қос жолақты айналмалы автомобиль жолының жалпы ұзындығы 1200 метр. Қазір құрылыс басындағы 5 бригадада 75 жұмысшы еңбек етеді. Су құбыры, электр қуаты, тағы басқа қосалқы шаруалар қоса атқарылады. Бақытжан Оңалбаев басшылық ететін бригадада 35 адам бар. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары КММ-нің басшысы Дана Аман үнемі бізбен бірге. Амандық болса, Тәуелсіздік күні қарсаңында теміржол үстінен өтетін көпір құрылысын толық бітіріп, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді учаске бастығы Нұрбол Ұлықбек бізбен әңгімесінде.
Аспалы көпір құрылысының жұмысымен танысу барысында байқағанымыз, бригадир Сейілхан Әли, жұмысшылар Өскен Ерубай, Нұрсұлтан Есентаев сынды азаматтар аянбай еңбек етіп, өзгелерге үлгі көрсетуде. Бір сүйсінерлігі, жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті жастар екен. Мердігер компания директоры Алмас Ертаев та құрылыстың сапалы жүргізілуін барынша қадағалап, ұйымдастыру жұмыстарын білікті атқаруда.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<