Теміржол: Жайлы нысан – жақсы нышан

78

0

Теміржол саласын реформалау – көптен көтерілген мәселе. Ел арасында вагон сапасы, жолаушылар билетінің құны, пойыздың жүру жиілігі турасында ұсыныс-пікір толастаған емес. Әсіресе, қыс аязы мен шіліңгір шілдеде жұмыс істейтін теміржол жөндеушілердің еңбек ахуалы ерекше бақылауды қажет ететіні жасырын емес. Есте болса, біршама уақыттан бері сала мамандары бұл олқылықты айтып, теміржол жөндеушілеріне жатын жай, жайлы жағдай жасалсын деген талап қойған.

Міне, көптен күткен тілек орындалатын уақыт жетті. «Қазақстан темір жолы» республика бойынша шойынжол жөндеушілерге арналған қызметтік тұрғын жай модулін салуды бастады. Қазіргі таңда алды пайдалануға берілуде. Соның бірі жуырда Арал ауданындағы 19-бекетте бой көтеріп, ашылу салтанаты өтті.

Шараға «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның Қызылорда теміржол магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Ербол Сәулебеков, кәсіподақ комитетінің төрағасы Бауыржан Ахметов қатысып, сала мамандарына ақжарма тілегін айтты.

– Теміржол саласындағы әрбір қызметкерге қолдау жасау, қалыпты, кедергісіз еңбек етуіне жағдай тудыру компанияның алдында тұрған басты мақсаттардың бірі. Осындай қуанышты сәттің бірін өздеріңізбен бірге өткізіп тұрмыз. Бұл – сіздерге деген компанияның алғысы, – деді бөлімше басшысы.

Айта кетейік, 19-бекет 10 жыл бұрын пайдалануға берілген «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» шойынжолы бойында жатыр. Мұнда мамандар ауысымдық әдіспен жұмыс істейді, яғни 5 күн нысан аумағында болады деген сөз. Сондықтан қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау, тынығуға жайлы мүмкіндік қарастыру  маңызды. Бұрын олар ескі әрі тар теміржол контейнерінде қоныстанса, енді жаңа әрі кең нысанға қол жеткізді. Ғимаратта 10 адамға арналған тынығу, жуыну бөлмесі, асхана орналасқан.

Мұндай қызметтік тұрғын жай модулі тек 19-бекетте ғана емес, мұнан бөлек 8 бекетте салынып жатыр. Осы тоғыз модульдің 4-уі аяқталып, 19, 18, 17, 16 бекеттерде пайдалануға берілді. Қалған бесеуі шілде айында толықтай аяқталып, теміржолшылардың игілігіне табысталды. Осы жұмыстардан кейін мұнан да бөлек тағы бірнеше модульдің құрылысын салу жоспарда бар.

Жұмысшылар да нысанның бой көтергеніне дән риза. 30 жылдай теміржол жөндеуші болып қызмет атқарған Қуаныш Мейрамбек бұл мүмкіндік жұмыс сапасы мен ұжымдық көңіл-күйге әсер ететінін жеткізді.

– Салада 1996 жылдан бері еңбек етемін. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған суығында жол жөндеу оңай емес. Жаурап келгенде пана болатын нысан жайлы болса, жұмыс өнімділігі де артатыны белгілі емес пе? Сондықтан қызметтік тұрғын жай модулімен қамтамасыз еткен басшылыққа алғысымыз шексіз, – деді ол.

Сондай-ақ шараға арнайы шақырылған сала ардагері Қартбай Қайымбаев ықыласын білдіріп, компания саясаты туралы пікір білдірді.

– Біз қызмет жасаған уақытта мұндай жағдай мен мүмкіндіктер бола қоймады. Бүгінгі теміржолшыларға қарап қызығамыз. Бұл да болса дамудың көрінісі, – деді ардагер.

Биыл салада оң өзгеріс байқалады. Жыл басында «Қазақстан темір жолы «ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев соңғы үш жылда компанияның негізгі өндірістік көрсеткішінде өсім барын және былтыр жүк айналымы 7 пайызға, транзиттік тасымалдау көлемі 18 пайызға ұлғайғанын айтқан болатын.

Еңбек адамын бағалау, қолайлы жағдай жасау тек қызметкер үшін емес, жұмыс берушіге де тиімді. Себебі жайлы ортадағы маман жоғары көрсеткіш көрсетіп, жұмыс өнімділігін арттыратыны белгілі. Осы орайда  теміржол саласындағы серпіліс жағымды нәтижеге бастайтын қадам  боларына сенім мол.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<