Теміржолға тағы бір көпір

472

0

Көпір – көптің игілігі. Бұл тұрғыда облыста маңызды деген нысандарда қызу жұмыс басталып кетті. Әсіресе, теміржолға көпір салуда талай жылғы түйінді мәселенің күрмеуі шешілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға сапарында Арал мен Жалағашта жаңа көпірдің іргетасы қаланды.

Міне, осындай ел ішінде көп жылдан өткір мәселе болып келген Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер үшін жаңа  құрылыс бастау алды. Жалпы ұзындығы 55 метрді құрайтын көпір құрылысына 320,6 млн теңге қаражат бөлінген. Құрылысты «Гүлнұр МК» ЖШС мекемесі жүргізеді.  

Серіктестік директоры Қуандық Миралиевтың айтуынша, қазіргі уақытта алғашқы тіреу қазықтарын қағу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірше, алғашқы жұмыстарға 5 жүк көлігі, 30 жұмысшы жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарын 5 ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

– Көпір құрылысына қажетті құрал-жабдықтардың барлығы жергілікті өнімдер. Қазір Жалағаш ауданында да көпір салып жатырмыз. Көпірдің жергілікті тұрғындар үшін маңызы өте зор. Басты талап – сапа. Егер белгілі уақыт аралығында көпірден ақау табылып жатса, істі өз қаражатымызбен қайта қалпына келтіріп беруіміз қажет. Әзірге серіктестік тұрғызған құрылыстардың ешбірі апатты жағдайға ұшыраған жоқ. Әрине, мұны  мекемедегі мамандардың жоғары біліктілігінің арқасы деп білемін, – дейді Қ.Миралиев.

Жалағашқа сапар сәтінде облыс әкімі тұрғындарды көптен бері толғандырған мәселенің шешімі табылғанын айтқан еді.

– Кент орталығынан Дәуімбай елді мекеніне теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге бұл мәселе қиындық туғызып келген болатын. Жалағаш кентін екіге бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 9 мың, арғы жағында 6 мыңдай халық қоныстанған. Осы тұстан пойыз өткенде жаяу жүргіншілер үшін өте қауіпті. Халықтың өткел салу туралы сұранысы назарға алынды. Кент тұрғындарының екі жаққа қатынауындағы қиын түйін осылайша шешілмек, – деген болатын облыс әкімі.

Ал Аралдағы маңызды нысанның іргетасы қалану сәтінде ауданның құрметті азаматы Кішкене Айбосынов жерлестерін қуана құттықтады.

– Теміржолдан пойыз өткенде өткел жабылып, көлік кептелісі бірнеше шақырымға созылатын. Бұл мәселе толығымен шешімін тауып, көңіліміз бір серпіліп қалды. Арал қаласын бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 17 мың, арғы бетінде 20 мыңдай халық қоныстанған. Жалғыз өткел осы болғандықтан, кейде жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникалары да межелі жеріне уақытылы жете алмайды. Енді тарихи шаһар тұрғындарының сұранысы қанағаттандырылып, көлік қатынасы жеңілдемек. Аралдың тұрғындары атынан іс басындағы азаматтарға айтар алғысымыз көп, – деді сонда ардагер ризашылығын жеткізіп.

Сонымен өңірдегі өзгеше бастамалардың бір белгісі – осы халықтың талай жылғы сұранысының іс жүзінде қолға алынуы болып тұр. Айтқандай, бұған дейін «Белкөл» кентінде теміржолдың екі бетін байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілген болатын. Бірнеше жылдан бері көтеріліп жүрген мәселеге нүкте қойылып, қолайлы жағдай жасалғанына ондағы тұрғындар дән риза. Ендігі игілікті жаңа нысандар толықтырары сөзсіз.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<