Теміржол – тіршіліктің күретамыры

656

0

ХХ ғасырдың басын, дәлірек айтқанда,  1901 жылдың 21 сәуірін  Перовск қаласының тарихындағы айтулы күн деп белгілеуге негіз бар. Бұл күні Николай ІІ патша  «Орынбор-Ташкент» теміржолын салудың жобасын бекітіп, қаражат бөлуге жарлық шығарады.

Патшалық Ресей 1854-1880 жылдары Орта Азияға түрлі бағыттар арқылы теміржол салудың 40 шақты жобасын қарады. Орынбор генерал-губернаторларының пікірін сұратты. Орынбор архивінде Перовский мен Крыжановскийдің жобалары мен ұсыныстары сақталған. 1856 жылдың 28 шілдесінде император Александр ІІ Перовскийге Каспий мен Арал теңіздерінің арасын теміржол арқылы жалғау, ол үшін жергілікті құрылыс материалдары мен басқа да мәліметтерді зерттеуді тапсырады. 1889 жылдың 16 маусымында патша өкіметінің мәжілісінде осы теміржол салу мәселесі арнайы қаралды. Кас­пийден басталатын екі жоба Орынбор губернаторы Крыжановскийге 1869 жылы жіберіледі. Крыжановский өз канцеляриясы арқылы орынборлық көпестерден  Ташкент, Бұқара, Хиуадан тауар тасымалдаудың шығындары мен уақыты туралы мәліметтер сұратты. Оған қоса, ортаазиялық хандықтарда сауда жасайтын кө­пестердің пікірін білді. Соның ішінде Ключаров деген көпестің айтқандарын індете зерттейді. Ключаров 1851 жылдың өзінде-ақ Ресейдің Сырдарияны алуының тиімділігін арттыру үшін Қоқанмен сауданы жолға қою керектігіне Перовскийдің назарын аударған екен.

 Сөйтіп, жалпы ұзындығы 2090 шақырым, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 шақырым болатын теміржол құрылысы Орынбор жағынан 1901 жылы 10 мамырда, ал Ташкент жағынан 9 қарашада басталды.  Орынбор мен Ташкент арасында 72 станция, 159 разъезд, 17 ірі көпір салу жоспары бекітіледі. Бұл жұмыстардың бағасы бастапқыда 80 млн сом деп бекітілсе, кейіннен 99 млн сомнан асты.

Құрылысқа ауа райының қолай­сыздығы, жұмыс күшінің аздығы кері әсер етпей қоймады. Көзді аштырмайтын құмды дауыл, су жетіспеушілігі, құрылыс материалының қымбаттығы – мәселенің бер жағы ғана еді. Құм­ды дауылдан және топырақ басып қалудан қорғанудың неше түрлі тә­сіл­дері ойлап табылды. Осындай қосымша жұмыстар құрылыс құны­ның қымбаттауына әкеп соқтырды. 

Бұл қадам арқылы патшалық Ресей Орталық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығуды, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасуды, Түркістан өлкесіне тура шығуды көздеді. Салынатын жолдың бүкіл желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді. Жолдың оңтүстік бөлігі (Ташкент – Көбек) Түркістан өлкесі Сырдария облысының аумағы бойынша, cолтүстік бөлігі (Орынбор – Көбек) Орынбор губерниясы, Торғай облысының және Орал облысы Темір уезінің аумағы бойынша өтетін болып белгіленді. 1904 жылы 1 қаңтарда бүкіл «Орынбор-Ташкент» теміржолы бойынша поездардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 жылы 1 сәуірде пайдалануға берілді. 1905 жылы 1 қаңтардан бастап «Орынбор – Самара – Златоуст» жолының телімі, ал 1906 жылы 22 шілдеден бастап Орта Азия жолының Ташкент станциясы «Орынбор-Ташкент» теміржолына қосылды. Соның нәтижесінде жаңа желінің жалпы ұзындығы ұлғайды. Бес ірі станция – Ақтөбе, Шалқар, Қазалы,  Перовск (Қызылорда) Түркістан Ресейдің Орталық Азиямен байланыс торабына айналды. Жол басқармасы Орынбор қаласында болды.

Теміржолдың салынуына байланысты Перовскте станция, вокзал, депо, вагондар жөндеу бөлімшесі, азық-түлік, жүк қоймалары, паро­воздарға су құятын қойма, Сырдария­дан су айдайтын (водокачка) станция, теміржолшыларға тұрғын үйлер, әкімшілік үйлер, дәріхана, амбулатория, т.б. салынды. Жұмысшылар қатары күрт өсті. Бұл қаланың жан-жақты дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізді.

Сол кезде пайдалануға берілген Қызылорда вокзалы қазір тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Тарихшылардың айтуынша, вокзал Екатерина патшайымның құрметіне салынған екен. «Перовск фортының 3 класты вокзалы» деген анықтамасы бар.

Вокзалдан кейін Қызылорда локомотив депосы 1904 жылы салынды. Ресей қалаларынан келген мамандарға жағдай жасау үшін мектеп, дәріхана, тұрғын үйлер бой көтерді. 1906 жылы депода 160-тан астам адам жұ­мыс істеді. Жұмысшылардың көбісі жоғарыда айтылғандай, Самара, Саратов, Воронеж сияқты сырттан келгендер. Жыл өткен соң, депода тө­тенше жағдай орын алды. Мамыр айының соңында теміржолшылар айлық табысты өсіруді талап етіп, жұмысқа шықпай қалды. Басшыларына наразылық білдіріп, соғылған дабылды да елемеді. Аталған наразылық шарасының сол кездегі Перовсктегі айтулы оқиға болғанын «Ташкентский курьер» газетіндегі мақаладан білуге болады.  Мақалада «28 мамыр­да түскі сағат 12-де жергілікті депода жұмыс тоқтады. Шақыру дабы­лына 166 адамның ешқайсысы келмеді. Жұмысшылар сәуір айының орта­сынан бері бастық болған Каль мыр­заның ойына келгенін істеп, жал­ақы­ларына ауыз салғанына қарсы шық­ты» деп жазылған.  Мәселе тез ара­да шешіліп, жұмыс қайта жанданды. 

Теміржол салынған соң, оның бойындағы станциялар мен разъез­дердегі, әсіресе ірі стан­циялардағы халық саны еселеп өсті. Шіркеу кіта­бындағы деректер бойынша сол жылдары қала халқы 8 мың адамнан асты.

Салынғанына ғасырдан асқан «Орынбор-Ташкент» теміржолы – қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарын Орталық Азия республикаларымен, Ресеймен, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі желі.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<