Теңдесі жоқ тарихи тұлға

330

0

Сұлтан Бейбарыстың туғанына – 800 жыл

Сұлтан Бейбарыс – қазақ үшін ғана емес, күллі мұсылман әлеміне ортақ көрнекті тұлға, қаһарман қолбасшы, данагөй билеуші. Қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны болған. Бабамыздың өмір жолы мен қайраткерлігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге.
Тарихқа сүйенсек, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туылған.  ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, тұтқынға түскен.  1260 жылы Күтіз сұлтан қайтыс болған соң, Бейбарыс таққа отырады. Тарихшы Вильгельм Тайпольский: «Бейбарыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезарьмен терезесі тең тұратын қаһарман» деген баға берген. Бейбарыс әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған. Ол өз заманында Мекке мен Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Шын мәнінде, теңдесі жоқ тарихи тұлға. Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынас жақсы дамыды. Каир қаласында Бейбарыс сұлтан салдырған мешіт бар. Бұл мешіт осы елдегі ең көрнекті әрі тарихи жәдігерлердің бірі. Зәулім ғимараттың аумағы 10 мың шаршы метр, ал тас қабырғаларының биіктігі – 11 метр. 
Көрнекті тұлға сегіз ғасыр бойы Дешті қыпшақ даласы мен Мысыр арасындағы рухани байланыстың алтын көпірі болып келеді. Баһадүр Бейбарыс бабамыз – ислам әлемінің қорғанына айналған араб-ғажам және түрік сұлтаны, қос құбылаға бірдей қызмет қылған асыл дініміздің қорғаны. Бейбарыс сұлтан құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртады, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтіреді. Аджлун, Рамала мешіттерін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орынына мешіттер салады. Тарихшы Қайрат Саки «Қазақ даласының перзентi – сұлтан Бейбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарыс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, дін жолында күрескен, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға» деді. Еліміздің тарихын танып, тұлғаларын мақтан тұтуымыз қажет.

Балжан АЙТБАЙ,
№179 А.Хангелдин атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<