Теңіз тағдыры: Тең тұтынушылық тәртібі керек

521

0

Самарқанд қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өтті. Онда ҚР Парламенті Сенатының депутаты А.Ш.Әлназарованың сөйлеген сөзі оқырмандарға ұсынылып отыр.

Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис Сенатын тарихи Самарқанд қаласына шақырғаны, қонақжайлылығы және отырысты тамаша ұйымдастырғаны үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер.

Осы жылдың көктемінде Қазақстан Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Олий Мажлис Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөнінде Арал қаласында өткен екінші отырыста күш-жігерді біріктіру және Арал өңірі халқының денсаулығына әсер ететін факторларды зерттеуге бірлескен тәсілді әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Зерттеу нәтижелері кейіннен анықталған факторлардың әсерін азайту бойынша одан әрі шаралар қабылдау үшін құқықтық, институционалдық және саяси негізді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Осы жылдың 2 шілдесінде ЕҚЫҰ ПА Тұрақты комитетінің отырысында Қазақстан мен Өзбекстан делегациялары Арал теңізі бойынша бірлескен мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің мақсаты – ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің назарын Арал теңізі проблемасына аудару және серіктесуге шақыру. Бұл мәлімдеменің маңыздылығы мен құндылығын асыра бағалау қиын.

Климаттың өзгеру салдары және су тапшылығының артуы жаһандық проблема болып табылады. Бұл проблема халықтың осал топтары – қарт адамдарға, балаларға, жүкті әйелдерге ерекше әсер етеді. Қоршаған ортаға антропогендік әсердің қарқынды дамуы, қалалардың ұлғаюы мен халықтың қарқынды өсуі шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді.

2022 жылғы климаттық жағдайларды зерттеу нәтижелері 2030 жылға қарай және 2050 жылға дейінгі болжаммен Арал өңірі аймағында ылғалмен қамтамасыз етудің төмендеуі және өсімдік өсетін кезеңде құрғақшылықтың күшеюі күтілетінін көрсетеді. 

2030 жылға қарай ауаның орташа жылдық температурасының одан әрі 1,7 градусқа артуы болжануда. 2050 жылға қарай 2,5 градус.  

Демек, Арал теңізінің бассейнінде су ресурстарына, табиғи ортаға одан әрі антропогендік жүктеменің күшеюін күтуге болады, бұл халықтың денсаулығына теріс әсер етеді.

Осы жағдайда Кіші Арал теңізін сақтау мәселесі өткір тұр. Соңғы 12 жылда Арал теңізіндегі су көлемі 9 млрд текше метрге, яғни үштен біріне азайды, Сырдария өзені іс жүзінде ластанған суды тасымалдайтын су ағынына айналды. Бұл өзеннің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттердің су шаруашылығы саясатына 93% байланысты. Арал теңізіне, әсіресе вегетациялық кезеңде су жіберу, су бөлу бойынша қол қойылған халықаралық келісімдерге қарамастан, бүгінде қалдық қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

Жалпыға бірдей қабылданған халықаралық конвенцияларға сәйкес Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін шешуде түбегейлі шаралар қажет екенін түсіне отырып, әсіресе климаттың өзгеруі жағдайында Арал теңізіне бассейннің су ресурстарын тең тұтынушы мәртебесін беру қажет деп санаймыз. Аралды Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан экономикасының қажеттіліктерімен қатар жеке, бесінші, су тұтынушы ретінде ескеру қажет. Әйтпесе біз Кіші Аралдан да айырыламыз.           

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жүйесін нығайту бойынша бірқатар бастамалар мен шаралар қабылдауда. Инфрақұрылым дамуда, медицина мамандары өз әлеуетін үздіксіз жетілдіруде. Сонымен қатар, Арал өңірі тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері жақсарған жоқ. Демографиялық көрсеткіштердің теріс динамикасын атап өту қажет. Арал өңіріндегі туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 13,6%-ға азайды. Халықтың табиғи өсімі 12,4%-ға төмендеді.

Өңірде тұратын жүкті әйелдердің денсаулық индексі республикалық шамадан 1,6 есе төмен. Тек соңғы 5 жылда экстрагенитальді патология ана өлімінің 80%-на тікелей себеп болды (25 жағдайдың 20-сында). Жүкті әйелдер анемиясының үлес салмағы республикалық шамадан 1,7 есе, жүкті әйелдердің гипертензиялық жағдайы 1,8 есе жоғары. Нәресте өлімінің көрсеткіші дәстүрлі түрде республикалық көрсеткіштен жоғары және төмендеу үрдісі жоқ. Жергілікті тұрғындардың алдын ала қан анализі халыққа, әсіресе балаларға пестицидтік жүктеме Еуропадағы балаларда өлшенген дене жүктемесінен жоғары екенін көрсетті.

Өзбекстан Республикасында халықтың денсаулығына қатысты жағдай ұқсас. Қарақалпақстан Өзбекстандағы ана, сәби және бала өлімінің ең жоғары көрсеткіштерінің біріне ие. 5 жасқа дейінгі балалар арасында қан айналымы ауруларының таралу беталысы да алаңдатады.

Өңірлік денсаулық сақтау жүйелері жергілікті халықтың жоғары аурушаңдығы, мүгедектігі мен өлім-жітімі түріндегі аса күрделі сын-тегеуріндерге тап болуда. 

2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сұрау салуы бойынша ДДҰ елдік кеңсесі Арал өңірінің қоршаған ортасының экологиялық жай-күйіне және халықтың денсаулығына жылдам шолу жасады. 

Осы жұмыстың жалғасы ретінде ағымдағы жылдың 20 қазанында Қызылорда қаласында «Арал өңірінің қоршаған ортасы және халқының денсаулығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға халықаралық сарапшылар, Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік құрылымдары, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтарының өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес сектор қатысты.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қызылорда облысының әкімдігі, ЮСАИД жобасы, Қазақстан Республикасындағы Аралды құтқару халықаралық қоры ұйымдастырды.

Ғылыми зерттеулер экологиялық параметрлердің адам денсаулығына тікелей немесе өлшеулі әсерін дәлелдеуде маңызды рөл атқарады. Конференция барысында сарапшылар халықтың денсаулығына әсер ететін экологиялық факторларды бағалау үшін зерттеу әлеуетін арттыру қажеттігін және осы жұмысқа қосылуға дайындығын атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша мынадай басым қадамдар жасауды ұсынамыз:

1. Арал өңіріндегі халықтың аурушаңдық эпидемиологиясын анықтау.

2. Механизммен олардың денсаулыққа әсерін анықтау үшін қоғамдық денсаулыққа негізгі экологиялық қауіптер туралы ғылыми зерттеулер жүргізу. Зерттеу нәтижелері бойынша оларды жеңілдету, алдын алу және мониторингілеу бойынша шаралар әзірлеу.

3. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық жоспарлар мен денсаулыққа бағытталған стратегияларды және оған ден қою шараларын әзірлеу арқылы денсаулық сақтау жүйелерін климаттың өзгеруіне бейімдеу бойынша шараларды әзірлеу.

4. Қоршаған орта гигиенасы саласының ерте ескерту және жедел әрекет ету жүйелерін әзірлеу және енгізу.

5. Денсаулыққа экологиялық қатерлер туралы халықтың хабардарлығын арттыру және тез әрекет етуге үйрету бағдарламасын әзірлеу.

6. Теңіздің құрғаған табанындағы ахуалды, сондай-ақ Арал мен Әмудария және Сырдария өзендерінің атырауындағы қалдық су айдындарын қадағалауды қоса алғанда, Арал мен Арал маңына кешенді мониторингілеу жүйесін енгізу.

Біз экологиялық және климаттық дағдарыс жағдайында денсаулық сақтау саласындағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны дайындауды ұсынамыз. Бағдарламаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы (ДДҰ) ДДҰ-ның Қоршаған орта және денсаулық сақтау жөніндегі Еуропалық кеңсесі арқылы (ҚОЗСЕО), Бонн, Германия және ДДҰ-ның Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындық және ден қою жөніндегі Еуропалық кеңсесі, Стамбул, Түркия қолдайды. ДДҰ қоршаған ортаның денсаулығына қауіп-қатер туралы ең заманауи нақты деректерге қол жеткізуді және оларды жою саясатын жүзеге асыруға көмектесуді қамтамасыз етеді. 

Бағдарламаны іске асыру және проблемаларды кешенді шешу үшін бізге Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы парламентарийлерінің өзара іс-қимылын одан әрі күшейту және бағдарламаларды қаржыландыру көздерін іздестіру қажет. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 3-ші отырысында біз Арал теңізі бассейнінің проблемаларын шешуде одан әрі күш-жігерді бірлесе жұмсайтынымызға сенімдімін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<