«Теңіздей тебірендім, тербедің…»

747

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған «Теңіздей тебірендім, тербедің…» атты еске алу кеші өтті. Оған ақынның жары Жұмакүл Сариева, ұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Бақытжан Сариев және немерелері қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеш қонақтарын құттықтап, ақынның ел мәдениетіне қосқан зор үлесін атап өтті.

– Сыр елі – ерте заманнан-ақ таланттардың киелі мекені. Сырда туып, атын күллі Алашқа танытқан дарын иелерінің қатарында ақын Шөмішбай Сариев ағамыздың орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағамыздың көзі тірісінде-ақ «ол – өзіндік өлең өрнегі арқылы ел құрметіне бөленген қаламгер» деп баға берген болатын, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы ақын шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның қазақ руханиятының  бесігі  болған   бір ғана Алматыға арнап 100-ге жуық өлең жазғанын атап өтті.

– Ақынның еңбеккештігі, тез сезініп, жылдам шешім қабылдап, оны қорыта білу қасиеті көптеген ақындарға үлгі болды. Қазақ ақындарының ішінде әнге ең көп сөз жазған ақын да Шөмішбай   Сариев   ағамыз    болатын.   Сыр жұрты осындай өз перзенттерін құрмет тұтып, еңбегін ешқашан ұмытпайды. Дарынды тұлғаның өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттап, қазынасын алтын қорда сақтайды. Алдағы уақытта да жастардың бойына рухани қуат беретін ақиық ақын Шөмішбай Сариевтің шығармашылығын насихаттай береміз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі ақынның жары Жұмакүл Сариеваға Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хатын табыстап, сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде ақынның жары Шөмішбай Сариев мұрасын насихаттауда бастама көтерген аймақ басшысына, ел азаматтарына алғыс білдірді.

– Шөмішбай  екеуміз  елу жыл бір шаңырақта бақытты ғұмыр кештік. 75 жасқа екі ай қалғанда өмірден озды. Мерейлі жасқа жоспарланған шаралардың барлығы жасалмай қалды. Сол кезде біздің көңілімізді көтеріп Арал жұртшылығы ғылыми-танымдық конференция жасап, 75 жылдығын атап өтті. Сыр елінде ақынның есімін құрметтеп, еңбегі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында бірқатар істер атқарылуда. Азаматтар қолдау көрсетіп келеді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өнер залында Шөмішбай Сариевке арналған бұрыш ашылды. Онда өзінің шапаны мен бөркі, кітаптары, фотосуреттері, қолданған бұйымдары, жазу машинкасы мен қаламсаптары, түрлі сыйлықтары қойылды. Қызылорда қаласынан әуежайға шығатын жолда үлкен бильборд орнатылды. Ақын – елдің адамы. Шөкеңнің шығармашылығын халыққа жеткізу жолындағы жұмыстар тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, – деді Ж.Сариева.

Шөмішбай Сариев – поэзиямызға 1970 жылдары келген таланттардың ортасында өз өлең өрнегі бірден белгілі болған ақындардың бірі. «Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған» деп ақын Ғафу Қайырбеков жоғары баға берген.

Ақын есімі өлеңсүйер, әнсүйер қауымға кеңінен таныс. Лирикалық жырлары мен ән өлеңдері көптеген қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болды. Оның туындылары халық сүйіспеншілігіне бөленіп, көптеген мемлекеттік және қоғамдық, әдеби марапаттарға ие болған. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медальмен марапатталған және «Платина Тарлан» сыйлығын, «Жыл Адамы – Алтын адам», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығын алған ақын. Оның өлең кітаптары жарық көрген. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде кең құлашты еңбектер жазды.

Кеште Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек ері Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Сүлеймен Ибрагимов, Мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы өнер көрсетіп, ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

Тағылымды кеште орындалған сазды әуен мен отты жырлар қаламгер рухын қайта тірілткендей болды. Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнефильм ұсынылып, театр артистері қойылым көрсетті.

***

Туған жерін, атамекенін жырға қосқан қазақтың біртуар перзенті, ақын Шөмішбай Сариевтің шығармашылығы көптеген жастың арманына жол ашты. Ол поэзияның ғана емес, бүтін руханият көшін өнегелі жолға бағыттады. Жүрек түкпірінен шыққан өлеңі, сөздеріне жазылған сазды әуендері арқылы оқырман мен тыңдарманды қуантты. Сыр өңірінде Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған «Күнге қарай жүремін» атты поэзия кеші өтті.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен әдеби кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева, ақын Қатира Жәленова, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы қатысты.

– Екеуміз екі факультетте оқыдық. Оның үстіне оның корпусы да, жатақханасы да бізден бөлек еді. Содан болар студенттік шақта араласа қоймадық. Бірақ кейін бізді өнер мен өлең, әдебиет пен шығармашылық байланыстырды. Жалпы, айтайын дегенім, Шөмішбайын ел-жұрты шын құрметтейді, шын қадірлейді. Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік. Ол – болашақ ұрпақтың еншісі. Сариевтің көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартауы өлеңсүйер халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Бүгінде оның қалың елдің ыстық ықыласына бөленген сазды әндері қазақ жастарының эстетикалық талғамын байытатын дүниелерге айналды. Ақынның сөзіне жазылған әндері бүгінде қазақ арасында ғана емес, шетелдерде де шырқалып жүр. Осының өзі Аралдың ауылынан шыққан азамат жайлы көп нәрсені аңғартса керек, – деді Қ.Жәленова.

Ақын шығармашылығына арналған әдеби кештің шымылдығы «Қарағым-ай» әнімен түрілді. Одан соң оқушылар жадымызда жаңғырған жыр жолдарын кезектесе оқып, әндерін шырқады. Ал жас ақын Мақсат Дауылбай тұғыры биік тұлғаның шығармашылығы мен өмір жолын сабақтай отырып, жүрекжарды өлеңін оқып берді.

Кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас Шөмішбай ағаның жары Жұмагүл апайды сахна төріне шығарып, қазақтың қонақжай дәстүрімен жөн-жоралғысын жасады, құрмет көрсетті. Әрі қарай кеш ән шеруге ұласты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<