Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетовпен сұхбат
– Серік Сағитжанұлы, сіздің аудан басшылығына келгеніңізге бір жарым жылдай уақыт болды. Бұл өлке сізге жақсы таныс, перзенті ретінде елдің жағдайы етене белгілі. Бұған дейін түрлі қызметтік сатылардан өттіңіз, оның ішінде аудан да басқардыңыз. Әлемге танымал осы Аралда қаланың 95 жылдығы тойланды. Өткен мен бүгін және алдағы бағдар туралы пікіріңізді білсек.
– Дұрыс айтасың, халық жолындағы қызметте жүргенімізге біраз жыл болыпты. Оның үстіне, туған өлкені басқаруға келгеніме де өзің айтқандай, біршама уақыт өтті.
Иә, өзге жұрттың қиындығына қол созуда қазақ халқының бел шеше кірісетіні баршаға белгілі. Аштықтың қиын кезеңінде біздің балықшылар Волга өзенінің жағалауындағы халыққа 14 вагон балық жөнелткенінің өзі үлкен тарих. Сол балықшы аталармен бірге қырда мал бағып, төрт түлікті көбейткендер де жетерлік. Ауданның 16 еңбеккері осылайша Социалистік Еңбек Ері атанды. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангерлеріміз де көп. Ал тарихты арыға шегіндірсек, белгілі тұлғалар жетерлік. Бұл – Жанқожа батыр, Нұртуған жырау, Сартай мен Жетес бидің туған топырағы. Екіншіден, республика және шетелдерде аты танылған азаматтардың туған өлкесі. Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, жазушы-ақын Зейнолла Шүкіров, Шөмішбай Сариев, тұңғыш Премьер-Министр Ұзақбай Қараманов, өнер майталманы Құдайберген Сұлтанбаев шыққан қасиетті жер. Жалғыз қазақ емес, 12 ұлт өкілі тізе қосып, тіршілік еткен, бауырмалдықтың ұясы болған аудан.
Арал десе, біріншіден, сырт адамның көз алдына балық пен тұздың келетіні анық. Ал қыр беттегі ауылдар тіршілігінің басты көзі – мал шаруашылығы. Теңізге жақын тұрғындардың ата кәсібі – балық аулау екенін өзіңіз де білесіз.
Жалпы 2022 жыл Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңіл қуанарлықтай. Оң динамика бар. Мысалы, 22,8 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бүгінде аудандар ішінде үздік үштіктеміз. Ал ауыл шаруашылығы бойынша 13,1 млрд теңге өнім алынып, біздің аудан бірінші орынға тұрақтады. Екіншіден, өткен жылы 16,6 млрд теңгенің инвестициясы тартылса, алдыңғы жылы 15,5 млрд теңге тартылды. Бюджетке деген тәуелділікті төмендету мақсатында инвестицияның 65 пайызынан астамы жеке сектор қаражатын құрап отыр. Бұның ішінде «Аралтұз» АҚ-ның ас тұзын өндіру бойынша №1 цехын қайта жаңғырту, «Арал кварц» ЖШС-нің құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіру зауытын салу, «Aral Sea Food» ЖШС-нің балық майы мен ұнын шығару цехы, «АвтогазТрейд» ЖШС-ның «GASENERGY» жанармай құю бекеті, «Миллион Плаза» сауда нысаны, «Самғау» бизнес орталығы, Құран жаттау орталығы және т.б. осындай жобаларды айтуға болады. Сонымен қатар, ауданда 6,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, нақты көлем индексі 106 пайызды құрады. 28017 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұның барлығы жеке қаражат есебінен болып отыр.
Әлгінде айтып кеттіңіз, Арал қаласының іргетасы қаланып, қала болып құрылғанына 95 жыл толды. Мерейтой аясында бір айдың ішінде айтыс, жыраулар мүшәйрасы, спорттық жарыстар, ат бәйгесі және тағы да басқа 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы мерекені атап өтуге бюджеттен тыс көздерден 600 млн теңгеге жуық қаржы тартылды. «Балалар жылына» орай, Арал қаласынан балаларға арналған 2 ойын-сауық орталығы ашылып, демеушілер есебінен 6 ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Атанши», «Тоқабай», «Жақсықылыш», «Бөген» және аудан орталығынан 5 балабақша іске қосылды. Дәл қазір екеуміз тұрған «Балықшылар аллеясы» облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асты. Пандемия кесірінен екі жыл өтпеген балықшылардың VI слеті және Повольже халқына 14 вагон балық жөнелткен қайырымды істің 100 жыл толуына орай үлкен мәдени іс-шараны өткіздік. Теңіз тарландарының басын қосқан үлкен мерекеде осы аллея ішінен «Балықшылар монументі» ашылды.
– Аудан халқы екі жылдай бұрын қуаңшылықтан зардап шекті. Үкімет пен облыс басшылығы тиісті шешім қабылдап, азаматтар қолдау көрсетті. Табиғи жағдай дегенмен, сабақ алатын оқиға. Бұл бір жағынан аралдықтардың ауыл шаруашылығына жаңа көзқарасын қалыптастырды. Мұнан не түюге болады?
– Рас, орын алған құрғақшылық салдары ауыл шаруашылығы саласында қиыншылық әкелді. Оны өздеріңіз білесіздер. Мал басында шығын болды. Бұл мәселеде шұғыл шара қабылданып, аудан аумағында республика бойынша Тәуелсіздік жылдарында бірінші рет Құрғақшылық бағытында төтенше жағдай жарияланды. Осының аясында екі жылда ауданға 1,8 млрд теңге қаржы тартылып, су шаруашылығы саласындағы жұмыстарды ретке келтірдік.
Қуаңшылықтың әсерінен біз ауыл шаруашылығын дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасын бекітуге мәжбүр болдық. Себебі, бір сарынға түскен саланы әртараптандыру қажет еді. Жол картасы негізінен 3 бағытқа, яғни мал, балық және егін шаруашылығын дамытуға арналды. Бірінші кезекте жайылымдық, шабындық және суармалы егістік жерлерді суландыру мәселесін алға қойдық. Осы орайда, барлығы 13 су ұңғымасы қазылып, 10 канал тазартылды. Екіншіден, ауданда кенжелеп қалған егін шаруашылығын дамыту қолға алынды. 2021 жылға дейін ауданымызда екі елді мекенде, яғни Ақбай мен Жаңақұрылыста 166 гектар егін егіліп келсе, жол картасы аясында бұл көрсеткіш 11 елді мекенге көбейіп, егіс көлемі 700 гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және баға тұрақтылығын сақтауға жол ашты. Үшіншіден, су және балық шаруашылығын реттеу жұмыстарын бастап кеттік. Жағадан шақырымға жуық алшақтаған «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін ретке келтіру үшін дарияның Бұрмақұлақ учаскесін бөгеп, «Аспай» суағытқысын іске қостық. Бұл жұмыстар екі көлдер жүйесін толтыру және осы көлден балығын аулап нәпақасын тауып отырған тұрғындар үшін үлкен жемісті жоба болды. Жол картасы аясында осы тазартылған каналдар мен көлдер жүйесіне жанастыра отырып тоғанда балық өсіру шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Жол картасы аясында барлығы 30 жоба жүзеге асырылып, 930 млн теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған.
– Аудандағы ең бір басты ерекшелік – ауылдардың шалғай орналасуы. Ал шалғайды жақсы жол жалғаса керек. Жол мәселесінің жайы қалай?
– Біздегі басты қиындық сол. Теңіз жағалай қоныстанған елден бөлек, қыр беткейде мал шаруашылығымен айналысқан ауылдардың қашықтығы бәріне белгілі. Мәселе деп қарап отырмай, бұл салаға қатысты тиісті жұмыс атқарылуда. Биыл автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал былтыр басталған құны 1,5 млрд теңге болатын аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» жолында да жұмыстар жалғасын табуда. Сондай-ақ құны 747 млн теңгеден асатын аудандық маңызға ие «Қызылжар-Шөмішкөл» жолының құрылысына биыл 100 млн теңге бөлініп, жұмысы басталды. Құны 1 млн теңгеге жуық «Сазды» елді мекеніне кіреберіс жолға 228 млн теңге бөлінсе, дәл сондай «Қызылжар» ауылына кіреберіс автожолға биыл 212 млн теңгеден асатын қаржысы бөлінді. Аталған жолдың жалпы құны 505,6 млн теңгені құрайды.
Сексеуіл кентіне кіреберіс 3 шақырым жолдың 2 шақырымы жасалды. Биыл Аққұлақ елді мекені, Бекбауыл, Аманөткелде 3 көше, Сексеуіл кентінде 6 көше, Бөген ауылында 1 көше, Арал қаласында 9 көшеге құрылыс жұмыстары жүреді. Одан бөлек Абай бағытындағы қалған 5 шақырым жол мен Жаңақұрылыс-Бекарыстан би аралығындағы 15 шақырым жолға жоба-сметалық құжаттары қайта әзірленуде.
Көптен мәселе болып жүрген «Бөген-Ақлақ» және «Қаратерең-Жаңақұрылыс» бағытындағы жолды жөндеуге де қаржы қаралды. Екі жоба да биылғы жылға өтпелі. «Бөген-Ақлақ» автожолының жалпы құны 810,6 млн теңге болса, Қаратерең мен Жаңақұрылыс ауылы арасындағы жолды жөндеуді қажет ететін қаржының құны – 925 млн теңгеге жуық. Ал бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Арал қаласындағы біршама ішкі көшелерге де жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Арал қаласы мен Жақсықылыш кентіне газ жетті. Енді Сексеуілге мойын іліктіріп отыр. Өзге де өңірлер секілді «көгілдір отын» халық тұрмысына үлкен өзгеріс әкелетінін білеміз. Әлгі айтқан жол секілді ауылдарға газдың жеткізілуі қалай болмақ?
– Аудан бойынша «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үлесі 48,5 пайыз. Атап айтқаныңыздай, 12 мың халқы бар Сексеуіл кентін газбен қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық бюджеттен 900 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның ақшасы да аз емес. Жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын газдандыру жұмысын тоқтатпаймыз. Ол үшін де биылғы жылға әкімдік тарапынан кентті толықтай газбен қамтамасыз ету бағытында бюджеттен қалған қаржыны бөлдіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Шижаға» елді мекенін газбен қамтуға аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құны 1,7 млрд теңгені құрайтын жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Шалғайдағы «Қосаман» және «Ақеспе» елді мекендерін газбен қамту мақсатында демеушілер есебінен және Қамыстыбас ауылында АГРС салуға облыстық бюджеттен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
– Арал туралы айтылғанда балық шаруашылығының ахуалы үстем тұрады. Мұндағы Кіші теңіз тағдыры, өзге де көлдер жүйесін реттеудегі бастамалар бойынша да ашық пікір білдіріп жүрсіз. Қысқасын айтқанда, ел ішінде сөз көп. Бірақ тоқтамды түйінді қалай тарқата алсақ жарар еді?
– Алдымен теңіз мәселесіне тоқталсақ. Жалпы көлемі 27 млрд текше метр суды құрайтын Кіші Арал теңізі 8 млрд текше метрге жуық суын жоғалтқан. Сондықтан қазіргі таңда біз теңіз суын молайту бойынша ұсыныстар енгізіп, сол бойынша тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы биыл басталды. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд теңге. 2022 жылы құрылыс жұмыстарына «Су ресурстарын тиімді басқару» бюджеттік бағдарламасы, «Республикалық бюджет қаражаты есебінен сумен жабдықтау жүйелерін гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау» кіші бағдарламасы бойынша 484 млн теңге бөлінді.
Осыған орай «Көкарал» тоспасына габион сеткасына тас толтырып еңіске салу жұмысы, «Ақшоқат» бөгетін қалпына келтіру жұмыстары, «Тұщы» каналын қазу, «Сарытерең» каналдарын тазалау, «Қарашалаң-1» және «Қарашалаң-2» каналдарын қазу, «Тәуір» бөгетіне бөгет салу, «Қарашалаң» көлі мен Сырдария өзенінің аралығын топырақпен толтыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде «Басықара» су тоспасынан түскен 200 текше метр суды елді мекендердің қауіпсіздігін сақтай отырып Кіші Арал теңізіне 130 текше метрі түсірілуде. Ал, аудандағы балық шаруашылығына сипаттама берер болсақ, балық шаруашылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізі мен ондағы 18 учаске, Сырдария өзені және 20 көл бар. Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендесе, оның 17 түрі ауланады. Біздегі балық аулау квотасы Кіші Арал теңізінен 6924, «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесінен 477, яғни, барлық лимит 7401 тонна болып бекітілген.
Ауданда жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыты және көптеген шағын өңдеу цехы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 2982 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды.
Зауыттардың ішіндегі «Aral Sea Food» ЖШС-нің балықты тереңнен өңдеу зауыты туралы айтпасқа болмайды. Себебі бұған дейін балық өңдеу зауыттарынан шыққан балық қалдықтары бұл кезге дейін Алматы қаласына тасымалданса, қалған қалдықтары қала маңындағы арнайы қоқыс орындарына тасталып келген болатын. Жоғарыда аталған мәселені шешу мақсатында аудан орталығында орналасқан «AralSea Food» ЖШС-нің балық өңдеу зауытының 2 кезеңі, яғни балық ұнын шығаратын цехты іске қосу жұмыстары жүруде. Бұл дегеніміз аудандағы балық зауыттарымен шағын цехтардағы пайда болған балық қалдықтарынан сағатына 500 кг, тәулігіне 10 тонна балық ұнын өңдейді және 13 тонна балықтың майын шығаратын болады. Айта кетейік, мұндай қалдықсыз әрі экологиялық таза өнім шығарудың озық технологиясы соңғы үлгіде жабдықталған. Мұндай өнідіріс орындары елімізде саусақпен санарлық ғана. Сондықтан да бұл жобаның болашағы жарқын екендігіне кәміл сенімдімін.
Бұған дейін «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бағдарламада ауданға қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 көл тізімге енгізіліп, осы бойынша жұмыстар атқарылуда. Мысалы, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің «Тауарлы балықты өсіру және өңдеу комплексін ұлғайту» жобасы. Бұл жоба 4 компоненттен тұрады. Бірінші балықты терең өңдеу цехы, екінші «Домалақ» көлдік-тауарлық көксерке шаруашылығын құру, үшінші «Қамбаш» тоған шаруашылығы, туристік демалыс орталығы және соңғысы тоңазытқыш цехы мен жатақхана салу. Құны 450 млн теңге болатын жоба екі жыл бұрын басталған. 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
Ал жоғарыда айтқан бағдарламадан тыс өз бастамасымен балық өсіруші кәсіпкерлер де жетерік. Жаңақұрылыс ауылындағы Аманкелді Есімов, Қарақұм ауылдық округі бойынша Шалғынбай Алматбаев, Бекбауыл елді мекенінен Фарида Қарақұлова балық өсіру тоғанын құрып, өңірдегі осы салаға дем беріп жүр.
Десек те теңіз байлығын сақтауда атқарылып жатқан шаруалар жоқ деп мүлде айта алмаймыз. Аудан территориясына қарасты питомник пен кейбір тоғандар бұл үдеден шығып келеді. Балықты көбейту мен өсіруге ынталы жеке кәсіпкерлер де аз емес.
Ауданға қарасты Қосжар ауылында «Қамыстыбас балық өсіру питомнигі» РМКҚ орналасқан. Бұл – облыстағы мемлекеттік тапсырыспен Арал өңірі, Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерге шабақ жіберумен айналысып келе жатқан жалғыз мекеме. Питомниктің тағы бір бөлімшесі Қаратерең ауылына қарасты «Тастақ» елді мекенінде де жұмыс істейді. Екеуінде де арнайы инкубациялық цехтар бар. Оның бірі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелінген.
– Кәсіпкерлік, оның аясында басты-басты жобалар туралы дәйекті түрде айтып беріңізші.
– Аудандағы кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға кең қанат жайып келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2017 жылы тіркелген шағын орта кәсіпкерлік субъектісі 3310 бірлік болса, бүгінде 5974 бірлікті құрап, көрсеткіш 1,8 есеге өскен. Бұның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 5 жарымнан асады.
Биыл аудандағы бөлшек сауданың көлемі 9 млрд теңгеге, көтерме сауда 17,8 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 1,6 млрд теңге болатын 135 жоба несиелендірілді. Тағы бір айта кететін жайт, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылға арналған «Ұлттық жобасы» аясында өткен жаңа бизнес жобаларға грант беру конкурсы бойынша 400 жоба қолдау алды. Бұның барлық қаржысы 490 млн теңгені құрап отыр.
Бұдан бөлек, ауданымызда индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 162,2 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1620 адамды жұмыспен қамтитын 9 жоба енгізілген болса, оның ішіндегі жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын 2 жоба іске қосылып, 268 азаматты жұмыспен қамтыды.
Құны 158,6 млрд теңге болатын, іске қосылғанда 1352 адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба іске асырылу сатысында.
Сонымен қатар, бірыңғай индустрияландыру картасына аудан әкімдігі тарапынан қосымша жалпы құны 7,2 млрд теңге болатын, іске қосылғанда 448 азаматты жұмыспен қамтитын 5 жобаны енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек биылғы жылы Кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы әзірленуде. Жол картасы 3 бағытта, яғни бірінші ірі көлемді индустриялық жобалар, екінші шағын және орта бизнесті дамыту, үшінші жас кәсіпкерлердің старт-ап жобаларын қолдау бағытында болады.
– Білім, денсаулық, мәдениет және жастар саясаты қашанда басты құндылықтар болып қала бермек. Көрсеткіштер көңілден шыға ма әрі қандай ой қосар едіңіз?
– Аудандағы жалпы орта білім беретін 50 мектеп бар. Онда 17599 оқушы дәріс алады. Ал 59 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 4074 бала тәрбиеленуде. Ауданда 3-6 жас аралығындағы балалардың барлығы 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Биыл «Тоқабай» елді мекенінде 30 орындық, Арал қаласында 50, Жақсықылыш кентінде 140, Бөген елді мекенінде 70 орындық жеке балабақшалар ашылды.
Айта кетейін, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылға дейін білім ордаларын салу көзделіп отыр. Осы орайда, бөлім тарапынан алдағы 5 жылда аудан көлемінде 12 білім беру нысанын салу және 7 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Биыл Арал қаласындағы №71 мектеп-интернаттың жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, «Тоқабай» елді мекеніндегі №248 орта мектептің құрылысы жалғасын табуда.
Ал денсаулық саласында шешімін таппай келе жатқан мәселелерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін жоспар бекітілген. Біздегі негізгі мәселе – маман жетіспеушілігі. Бұл бағытта денсаулық сақтау басқармасымен тиісті шаралар қабылдануда. Екіншіден, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысын аяқтау мәселесі тұр. Қазір оны жалғастыруға облыстан қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Сонымен бірге, «Қызылжар», «Бөген», «Тоқабай» ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларды жаңадан салу қажет. Бұл бағытта да тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды.
Ауданда 7 елді мекеннің медициналық бекетін қайта салу және мүлде медициналық бекеті жоқ 9 елді мекенге дәл осындай нысан салу жоспарланған. Бұған қосымша Арал қаласындағы «Байтұрсынов» емханасы жанынан «Қамқорлық» қоры арқылы оңалту орталығын ашу мақсатында облыстық бюджеттен күрделі жөндеуге 357 млн теңге қаржы бөлінді.
Мәдениет саласы бойынша ауданда 6 мәдениет үйі, 23 ауылдық клуб, 39 кітапхана, аудандық мәдениет орталығы, тарихи-өлкетану музейі, балықшылар музейі және Арал қалалық тарихи музейі, жалпы 72 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Халыққа ұдайы рухани тағылымды кеш, мәдени шара ұйымдастыруда бұл мекемелер мен ондағы қызметкерлердің еңбегі зор деп айта аламын.
Жастар мәселесіне келсек, 29 жасқа дейін тіркелген 18796 жас бар. Бұл жергілікті халықтың 24,2 пайызын құрайды. Өткен жылы жастар арасындағы ахуалды тұрақтандыруға түрлі бағыттағы 118 шара ұйымдастырылды. Жыл көлемінде ресурстық орталық 12 бағыт бойынша жоба әзірлеп, сол бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Биыл жұмыспен қамту орталығына 1017 жас жұмыссыз ретінде тіркелді. Соның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 465. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылға арналған «Ұлттық жобасы» аясында жастар тәжірибесінен 87 жас өтіп, 13-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған қоса қоғамдық жұмыс орындарына 394 жас және әлеуметтік жұмыс орындарына 43 жас қамтылған. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты 8 жас жеңіп алса, 5 жас 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз несие алып отыр.
– Өзіңіз жақсы білетіндей, қазіргі қоғам ашықтық, жариялыққа бет бұрды. Халықпен кері байланыста қандай ілгерілеушілік бар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін тапсырды. Осы ретте билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату мақсатында біз әрдайым ашықтық форматын ұстанып келеміз. Биыл аудандағы барлық ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың жеке мәселелері бойынша қабылдадым. Сондай-ақ қоғамдық қабылдау бойынша 260-тан аса азаматпен жеке қабылдау өтті.
Бүгінде әлеуметтік желі қарапайым халық өз пікірін ашық айта алатын бірден-бір мінбер болып тұр. Қоғамда не өзекті, елге не ұнамай жатыр, қандай мәселеге баса көңіл бөлу керектігі, бәрі-бәрі, осында айтылады. Бізде қай жауапты бөлім болмасын тұрғындар қаузаған мәселеге тұрақты мониторинг жасап, дер кезінде жауап береді. Жарияланған сан түрлі посттарға жауап берудің арнайы алгоритмі әзірленіп, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Мұндай байланыс дәстүрлі БАҚ-пен бұрыннан жолға қойылған.
Әрине, әрбір ақпарат көзінің өзіндік салмақ, өлшемі бар әрі оқырманы бар. Сондықтан жариялылықтың да жай-жапсарын саралай білу маңызды деп есептеймін.
– Серік Сағитжанұлы, емен-жарқын сұхбатыңызға рахмет. Аудандағы әрбір игі іске тілекшіміз.
Әңгімелескен
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<