Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айжарық Сәдібекұлының туғанына 85 жыл толуына орай «Тарихқа қалам тербеген» атты тағылымды кеш өтті. Кешке аймақтың зиялы қауымы, шығармашылық иелері, жалпы оқырман, қаламгердің туыстары қатысты.
Қандай бір мадақ-марапатыңнан биік тұратын адами болмыс дейтін баға бар. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы Айжарық Сәдібекұлы табиғаттың өзіне тартып туған, жан дүниесінде зәредей жалғандық жоқ, жаратылысы бөлек адам еді. Шығармашылық еңбектерінде өмір соқпағының өр-қырын өзіндік терең түйсінуімен тебірене баяндап, ондағы кейіпкерлері жайлы кеңінен көсіледі. Замандастарының, қаламдастарының бітім-болмысын, қадір-қасиетін, сол сияқты, қарапайым еңбек адамдарының күнделікті өмірін ешбір боямасыз, бүкпесіз, қаз-қалпында көз алдыңа әкеледі.
Шындығында, айдынды шалқар Аралдың ақжал толқынымен жарыса жүзіп, талайдан бергі теңіз тағдырын, теңізде туғандардың тіршілік тамырын көзімен көріп, көңіліне түйіп өскен жазушы шығармашылықтың шытырман әлемінен өз бағытын адаспай тапқан жан.
Еңбек жолына тоқталсақ, 1966-1971 жылдары аудандық «Жаңадария» және «Сырдария» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1972-1997 жылдары облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде, 1993-2000 жылдары республикалық «Сұхбат» және халықаралық «Түркістан» саяси газеттерінің Ақтөбе, Қызылорда облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған.
Бірнеше меркелік медаль және Президенттің «Алғыс хатын» облыс, қала әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын алған. Облыс әкімінің 2003, 2009 жылғы стипендиаты.
Жазушының тұңғыш әңгімесі облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған. Қарымды қаламгердің «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Жүректегі жауһарлар», «Аққұмның ақ түндері», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Парасат майданы», «Жұмыр жерде біз бармыз» атты туындылары бар.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова сөз сөйлеп, қаламгердің Сыр өңірі әдебиеті өкілдерінің ішінде тұлғасы биік талант иесі екенін атап өтіп, қарапайым адами қасиеті жайлы айтты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов Айжарық Сәдібекұлының бірқатар шығармаларына терең талдау жасап, көркем туындылардағы келелі ой-толғамын оқырманға әсерлі әңгімелеп берді. Қаламгердің жерлесі, замандасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бегімбай Ұзақбаев естеліктер айтты.
Кештің қорытынды сәтінде қаламгердің ұрпақтары, туыстары естелік айтты. Сонымен қатар, жазушының «Теңіз тағдыры» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, автордың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<