Қолымдағы – мен үшін бастауы беймәлім және ұлы ақиқаттан тепсінген өмір ағыстары мен ғасыр тоғыстарынан тұратын уақыт ағымындағы оқиғалар мен құбылыстарды жүйелеп, зерделеген, қисынды бір түйінге келтірген соны туынды өз кұпиясын үстіртін көзге бірден аша қоймайтын дүние сияқты.
Кітап аты – «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала». Авторы – жазушы, көсемсөзші-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы.
«…Бәрі де мыңдаған жылдар бұрын ізгі тілек, игі үмітте басталған еді. Адамзат тарихы адасулар мен қателіктер құздарынан аман өтіп, ертеңге талпынумен келе жатқан… Бүгін де ғаламат сын салмағы төбемізде тұр…»
Қаламгер осындай пайым төңірегінде ой өрбітеді. Жазушы, көсемсөзші-эколог, саяхатшы, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері С.Жұбатырұлының өзіндік ой-қисындарынан өрбіген тұжырымдары осынау тамыры терең жайттарды оқырман зердесіне қисынды, орнықты ауанда ұсынады.
Кітап тақырыптық, мазмұндық реттілігімен төрт бөлімнен тұрады. Бұл бөлімдерді өз алдына жеке-жеке, бір-бір кітап деп қарастырса да болар еді. Сондықтан да, солардың өзін өз алдына бөлек талдап, тереңдете тоқталу, зерделеу қажеттігі бар.
Адам қиялы шексіз. Жер ғаламшары әлемнің өзіндік бір кіндігі десек, қара жердің төсін мекен еткен тіршілік иесінің саналы падишасы Адам болса, оның тағдыр-тәлейі сол жер бетіндегі өмір бастауларынан, тарихи ұлы құбылыстар мен өзгерістерден тұратыны ақиқат деп мойындалса, ендеше қолымыздағы бұл кітаптың ішінде неше мыңжылдық әпсана мәйегі жатыр десенізші! Ұзақ жылдар бойы өзіндік соны бір жолдарда ізденіп, қағаз бетіне түсірген жазбаларын бір жүйеге келтіріп, реттеген бұл дүние көз алдымызға мыңжылдық тарихтар ағымының ғажайып тынысын әкеледі. Әкеліп қана қоймай, тұңғиық тереңіне тартып, санамызды найзағай отындай бір сілкіністерде көктеп өтеді.
«Аңыздардың тірілуі» атты бірінші бөлімінде «Ұлы тарихтар бастауы», «Дәуірлер табалдырығы», «Ұлы Дала: терең тамыр өркендер бастауы», «Ежелгі ұлы көштер» тақырыптары ғылыми пайымдар мен жазушының түйсіну, болжау, қиялымен астасып кеудеңе жаңа бір ағыс, соны тыныспен толғандырары даусыз.
Кітаптағы мазмұндық, тақырыптық бір жүйеде тоғысқан дүниелер автордың соңғы ширек ғасырдан астам уақыт «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан» және басқа да басылымдарда жарық көрген жарияланымдарынан тұрады.
«…Кұдайдың берген таланты мен дарыны арқасында автор танымның «екінші сатысы» деңгейіне табан тіреп, сыртқы әсерленуден туған ерекше сезімдерін ойға бөлеп, қиялын алыстарға ұшырады, шабыттың қанатына мініп, Жер деген планетаның өзіне Айдың бетінен қарағандай әсерленеді. Сөйтіп, ой мен қиял, шабыт пен шығармашылық қасиеттері авторды Ұлы Даланың көз жетпейтін өте алыстағы және өте тереңдегі кұпия тарихына қатысты небір болжамдар, тұжырымдар жасауына алып келеді. Ал танымның ең жоғарғы түрі саналатын ғылыми танымды да С.Жұбатырұлы айналып өтпей, оның ғылыми әдіс-тәсілдері арқылы өзіндік шындықтарына жеткен жаңалықтарын бөліседі, өз ойларын салыстырады, бағамдайды» деп баға береді ҚР ҰҒА-ның академигі Берекет Кәрібаев кітаптың беташар сөзінде.
Адамзат тарихы – адам өмірі бойы жазылып келе жатқан ұлы эпопея.
Жазушы Ұлы Дала, Тұран кеңістігі жайлы бұрын да, қазір де қалам тербей жүріп, осынау көмбелі өлкенің ақиқаты ежелгі тарих тереңінен бүгінгі таным аренасына біртіндеп, өз жолымен көтеріліп келе жатқанын, енді кеңінен және объективті түрде мойындала бастаған шындық екенін кітапта дәлелдей түседі. Қолымыздағы кітап әлімсақтан бері қарайғы тарих қойнауының қыртыстарын қазбалап жанкешті еңбек еткен автор жұмысының жемісі. Және өмірлік, таным, ғылым тұрғысынан алып қарағанда да, отансүйгіш Жер перзенті санасының түкпіріндегі сәулелі үміт пен бекем сенімді оятатын философиялық ой-тұжырымдарға толы. Сондықтан да осы кітап туралы пайымда автордың өз ой-түйініне жүгінгенді жөн көрдім. «Қазақы ойдың бүгінгі құлаш сермеуін «еркіндіктің балалық ауруы» демеу керек. Керегесі әлі қаусырылмаған тарихымыздың іргесі көз жетпес көкжиектерде көзден өшіп жатыр. Ғылыми сөз саптаудан бөлектеу бұл кітап сол тыңға ой сүрдектерін салу, ізденіс жолдарын кеңейту, өзіндік бір тәуекелді, тәуелсіз, еркін бағыттармен жол тарту ниеті. Тарих «ақтаңдақтарына», оның көтерілмей жаткан тыңдарына соны көзқарас, ізденуші-іздеуші өзгеше талпыныс болса деген тілек сөзі… Бізде әлі де қол қысқа, көңіл көкдөнен жағдай бар…»
Қашан да қай дүниенің де ойлы, тартымды астарын патша көңілмен сараптайтын оқырман қауымға 4 кітаптың жүгін арқалап тұрған «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» шығармасының жеткізер пәлсафасы осы. Адам Атаның жұмақтан жерге түсірілген сәтінен бастап, уақыт өлшеміндегі ғажайып құбылыстар мен ғасырлар тоғысынан сыр шертетін осы пайымдаулар топтамасы әр оқырман санасына ой салып, Ұлы Дала, Тұран кеңістігінде өмір сүріп жатқанына кеудесінде мақтаныш сезімін, терең түбірлі тарихымызға деген құрмет, ұлы күш оятатыны сөзсіз. Жазушының қиялы тарих қойнауындағы мыңжылдық үрдістерден бүгінгі күнге дейінгі шындықты шарлап, адамзат болмысының құпияға толы кезеңдері арқылы Ұлы Дала келбетінің жүзін айқындай түскісі келетінімен өміршең.
«Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер», «Қисын қиырына тартқан жолдар», «Байырқалы байтағым» бөлімдері бізді ежелгі де жаңа Тұранның ғажайып әлеміне, Арал-Сыр өлкесінің мәлім де беймәлім ақиқаттарына жетелей түседі. Ізденістерге, батыл жолдарға шақырады.
Көзіқарақты оқырмандардан жоғары баға алып үлгерген бұл шығарманы алдағы уақытта әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтардың біріне ұсынса дұрыс болар еді деген сенімім бар.
Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<