Тереңөзек кентінде бірқатар әлеуметтік нысан салу ұсынылды

427

0

Фото: Облыс әкімдігі

ТЕРЕҢӨЗЕК КЕНТІНДЕ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН САЛУ ҰСЫНЫЛДЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Сырдария ауданының даму жоспары қаралған кеңесте аудан әкімі Берік Сәрменбаев биыл салынатын нысандар туралы айтты.

Тереңөзек кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны құрылысына облыстық бюджеттен 475,5 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Сонымен қатар, теміржол арқылы жаяу жүргіншілер өтетін аспалы көпір жобасын дайындау қажет.
Кәріз жүйесі Тереңөзек кенті тұрғындары үшін өте маңызды. Бүгінде қолданыстағы кәріз жүйелерінен аққан суды айдайтын 5 КНС бар. Кентті толық қамту үшін қосымша 5 КНС қажет. Жоба іске асқанда 39 әлеуметтік, кәсіпкерлік нысан және 664 жеке тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады.

Тереңөзек кенті клубына қосымша құрылыс салу жобасын әзірлеу де маңызды. Себебі, Мәлібаев көшесінде орналасқан кент клубының ғимараты асар әдісімен 1957 жылы, ал, кітапхана 1978 жылы салынған. Жағдайлары сын көтермейді. Кітапхана ғимараты «Қызылдиқан» шаруа қожалығына тиесілі. Клубқа қосымша құрылыс салып, кітапхананы орналастыру арқылы мәселені шешу ұсынылды.

Аудан орталығында 80 орындық балабақша салу қажеттілігі туындауда. Қазір 1972 жылы салынған ескі мектеп ғимараты балабақшаға лайықтандырылған. Балабақшада 2 топта 50 бала тәрбиеленуде, кезекте 30 бала бар. Ауданда маңызды іс-шаралардың басым көпшілігі Орталық стадионда өткізілгендіктен, көрерменге қолайлы болу үшін стадионға шатыр жабындысын салу ұсынылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Тереңөзек кенті А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын қайта жаңғырту жобасына республикалық бюджеттен 60,3 млн. теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі Қ.Бөдеев көшесіне тротуар мен науа салу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Тереңөзек кентінің орталығындағы 18,4 шақырым 10 көшенің жаяу жүргіншілерге арналған жолын, кентке кіреберіске Жастар аллеясын салу және Тағзым алаңын абаттандыру жобаларына қолдау сұралды.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<