Атопикалық дерматит, жай микробтық экзема, псориаз, жалпақ теміреткі сияқты тері ауруларының таралуы көбейіп тұр. Оның себебі не? Мәселен, псориаз – тұқым қуалайтын кесел. Ескіше аты – теңге қотыр. Бұл кесел қалыпты жағдайда мазаламайды, тек денедегі ауруға қарсы тұратын күш, орталық жүйке жүйесінің әлсіреуі, зат алмасудың бұзылуы, иммунитеттің төмендеуі, қоршаған орта ластануының артуы дерттің өршуіне, қозуына әкеп соқтырады.
Жалпы созылмалы тері ауруларына, созылмалы дерматозға шалдығуға көбінесе асқазан-ішек жолындағы кесел себеп болады. Осы орайда облыстық тері-венерология диспансері тері ауруларына әртүрлі емдік шаралар, зерттеулер жүргізеді. Физиотерапиялық бөлім заманауи технологиялармен жабдықталған. Жылына 1000-ға жуық науқасқа электр тоғымен емдеу, ультрадыбыстық ем, жарықпен емдеу және т.б. сапалы физикалық емдік шараларды жүргізеді. Зертхана бөлімшелері «Ummynochem» анализатор аппаратымен, басқа да қан талдауларына арналған жаңа үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Жалпы қан талдау үшін «Гемотологиялық автоматты анализаторды», несеп талдау мақсатында «URIKSCAN OPTIMA II» жабдығын, биохимия талдау үшін «Photometer 5010 VS+» т.б. заманауи технологиялармен жоғары санатты мамандар жұмыс атқарады. Диспансерде 2015 жылдан бастап косметологиялық кабинет жұмыс істейді. Бұл ем түріне елдің сұранысы жылдан жылға артуда.
«Науқастың өзін емдеме, себебін емде» деген бұрыннан бар қағида. Емдеуші дәрігер кеңесіне зейін қойып, ем-дәмнің тәртібін қатаң сақтап және аурудың беті қайтқанша майлы, ащы қуырылған тамақтарға тыйым салу, диета ұстану қажет. Ұйқының қанық, уақытылы болуын қадағалау, күйгелектенбеу, көбірек қозғалып денешынықтыру, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды, жағымсыз әдеттерден аулақ болу және басқа шарттардың болуы қажет.
Негізі аурудан айығайын деген адам өзін-өзі қолға алуы керек. Әйтпесе, бейберекеттің аяғы ауру болып шығады. Қотыр да, денедегі бөрткен дақ атаулы да көп жағдайда ішкі ағзаның шамадан тыс ластануынан болатыны ғылымда да дәлелденген. Денсаулығымыздың қадірін ауырмай тұрып білейік!
Жанат ЖҰМАТАЕВА,
облыстық тері-венерология диспансерінің бас мейіргері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<