Өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың қатысуымен брифинг өтіп, ауданда биылғы 8 айда атқарылған жұмыстар сараланды.
Есепті мерзімде 10958 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 6,251 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, салық пен басқа да түсім түрлерінің болжамды орындалуы 2264,1 млн теңге немесе 114 процент болды. Оның ішінде аудандық бюджетке түсім 1398,9 млн теңгеге жетіп, 107,8 процентке орындалған.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 8414,8 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 6271,2 млн теңгенің өнімі өндіріліпті. Атап айтқанда, 145,5 мың тонна йодталған ас тұзы, 2547 тонна балық өнімдері және 68,3 текше метр кварц топырағы өңделген.
Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілді.
Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша жалпы құны 309,9 млн теңге болатын 9 жоба қаржыландырылған. Оған қоса, құны 60 млн теңгені құрайтын 2 жоба кепілдендірілген.
Құрылыс саласында барлығы 10 жобаны іске асыруға 4,5 млрд теңге қаржы қаралған. Соның ішінде Арал қаласындағы №14 мектептің қосымша құрылысы, 150 орындық аудандық орталық аурухана, екі қабатты әкімшілік ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Сонымен бірге, Арал қаласында ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңының құрылыстары аяқталып, өткен аптада пайдалануға берілді. Жыл ішінде іске қосылған құрылыстардың қатарында Сексеуіл кентінде спорттық-сауықтыру кешені мен аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты бар. Өздеріңіз білетіндей, Арал қаласындағы Т.Жароков көшесінде орналасқан екі қабатты ғимаратта төтенше жағдай орын алған болатын. Ол 1986 жылы балабақша мақсатында салынып, кейін тұрғын үй ретінде берілген. Ғимараттың екінші қабатының төбе жабындысы құлады. Онда 19 пәтер орналасқан. Бұған қоса, Арал қаласының Аралтұз көшесінде орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй апатты жағдайда болатын. Аймақ басшысының жедел әрекеті нәтижесінде облыстық бюджеттен 310 млн теңге қаржы бөлініп, 27 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өткен аптада тұрғындар игілігіне берілді,– деп атап өтті Мұхтар Оразбаев.
Жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 2526 адамның 893-і тұрақты жұмысқа орналасса, 745-і қоғамдық жұмысқа жіберілді. Есепті кезеңде 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 908 жаңа жұмыс орны ашылған.
Білім саласын цифрландыру бағытында 110 комплекті интерактивті тақта алынып, ауылдық 22 мектепке 5 комплектіден берілсе, 11 мектеп «электронды күнделік» жүйесімен, 15 білім ұясы «Білімлэнд» виртуалды оқыту платформасымен онлайн негізінде және 34 мектеп оффлайн негізінде жұмыс жасайды. Бірнеше білім беру ұйымында робототехника кабинеттері ашылса, 27 мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылған.
Сондай-ақ, денсаулық, мәдениет, ауыз сумен қамту, газдандыру, жол жөндеу, абаттандыру бағытында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<